«Starlink» компаниясы күні кеше ел аумағында ресми түрде спутниктік интернет қызметін іске қосты.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, енді еліміздің тұрғындары «SpaceX» компаниясына тиесілі төмен орбиталық спутниктер желісі арқылы жоғары жылдамдықты және сенімді интернетке қосыла алады.
Еске сала кетсек, осы жылдың 12 маусымында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Starlink» компаниясы қызмет көрсету кезінде Қазақстан заңнамасын сақтауды міндеттейтін келісімге қол қойған еді.
«Starlink» технологиясы шалғай өңірлерде де тұрақты қосылымды қамтамасыз етіп, халыққа заманауи цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. «Starlink» қызметінің айлық тарифі 23 мың теңгеден басталады, ал терминалдың бағасы шамамен 104 мың теңге. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев «Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
«Тарифтер мен құрылғы бағасы қолдану түріне байланысты өзгереді. «Starlink» қызметі жеке тұлғалармен қатар бизнес үшін де қолжетімді», деді ол.
Вице-министр ел аумағының кеңдігіне байланысты барлық өңірді кабельдік интернетпен толық қамту мүмкін еместігін, сондықтан спутниктік байланыс – ең тиімді шешімдердің бірі екенін атап өтті. Қазіргі таңда ел аумағы түгелдей дерлік «Starlink» желісімен қамтылғанымен, шекараға жақын кейбір аймақтарда сигналдың әлсіреуі мүмкін екенін де ескертті.
Америкалық кәсіпкер Илон Маск негізін қалаған «SpaceX» компаниясының спутниктік интернеті бүгінде әлемнің көптеген елінде қолданылады. «Starlink» деп аталатын бұл ғаламдық жүйе шалғайдағы ауылдарды, ашық теңіздегі кемелерді интернетпен қамтамасыз етуге және автократиялық елдерде ақпаратты цензурасыз таратуға арналған. Осы мақсатта компания Жердің төменгі орбитасына шамамен 2 300 спутник ұшырған.