• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 08:07

Кемеңгер көшесіндегі той

20 рет
көрсетілді

Бұқар жырау ауданы Ботақара кентіндегі Абай көшесінде ақынның ескерткіш тақтасы ашылды. Тақта авторы – белгілі мүсінші, аудандық мәслихаттың депутаты Амантай Ақышев. Абай тағылымына осылай­ша тағзым жасаған Аман­тай Нұртайұлының бұл із­гі­лікті ісі ел аузында жүр.

Ұлттық өнер мен тарихты темірқазығына айналдырған мүсінші Қордайдың сұр гранитіне Абайдың портретін қашап салып, оның сыртына кемеңгер тұлғаның  «ақын, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген ұлағатты сөзін жазып қойған. Мұнымен қоса, төменгі тұсына арнайы QR код қойылған. Онда хакімнің ғұмырбаяны мен шығармашылығы жөніндегі мәліметтер топтастырылған.

Ақын көшесіндегі ағайын шарапатты іс-шараға қуанып, шашуын шашып, киіз үйін тігіп, меймандарға ас берді. Абай көшесінің тұрғындары бұл үл­кен сый болды деп, суретші, руха­ният жанашыры Амантай мырзаға алғысын жаудырды.

Көшенің басында орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімінде Бұқар жырау аудандық мәслихатының төраға­сы Асхат Әли мен аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Төкен Арбабаев құттықтау сөз сөйледі. Ауыл  молдасы Сұлтанғали Бектасұлы Абай рухына Құран бағыштап, дұға оқыды.

Аудандық орталық кітап­хан­а қызмет­керлері көше қуанышына ортақтасып, ашық көрме өткізді. Қонақтар Абай шығармашылығымен танысып, оларға жадынамалар таратылды.

Одан соң халық театры ұлы Абайдың өмірінен шағын қойы­лым ұсынып, ақынның өлеңдері мен қара сөздері оқылды, әндері шырқалды. Осылайша, көшенің көшелі тойы сән-салтанатымен өтті.

Амантай Нұртайұлы – Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтой эмблема­сының авторы. Сол кезде автор Бикен есімді анасының ақылымен жеңімпазға тағайындалған сый­ақыны баба тойының кәдесіне беріпті. Былтыр шешен және ингуш ұлтының саяси қуғын-сүргін құрбандарына 80 жыл толуына орай, өз әулеті атынан үл­кен қорымға екі метрлік гранит тастан белгі орнатып, ынтымақтастық туын көтерді.

Атымтай азамат қазір «Руха­ният» қосым­ша білім беру орта­лығында бейнелеу өнері бөлі­мі­нің ұстазы. Шәкірттері халық­ара­лық, республикалық сайыс­тар­дың жеңімпазы ретінде таны­лып жүр. Осындай еңбектері еске­ріліп, мемлекет және қоғам қай­раткері Жұмабек Тәшенов атын­дағы «Жылдың үздік қайрат­кері» сыйлығы табысталған. Мұ­ра­ты биік ердің мерейі ассын дейміз.

 

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы,

Ботақара кенті