• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 07:53

Төл атаулар түгенделе бермек

20 рет
көрсетілді

Орал қаласында «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» атты республикалық жоба бойынша кеңес өтті.

Жиынға Астана қала­сы­нан Қазақстан ономастар одағы­ның басқарма төрағасы, респуб­ликалық ономастикалық комиссия мүшесі Гүлнәр Бекенова мен жоба мүшесі, географ-маман, PhD Нұрлыбек Зинабдин арнайы келді. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысына өңірдегі ғалымдар, өлкетанушылар, көнекөз қария­лар мен тілшілер де қатысты.

Гүлнәр Шиапқызы «Батыс белесінде – бабалар үні» атты тарихи-танымдық экс­пе­дицияның барысын баяндап, ежелгі жер-су атауларын қал­пына келтіру жолындағы әдіс-тәсілдер туралы айтты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бо­йынша 4-10 тамыз аралығында облыс аумағында жүргізіліп жатқан жоба ономас­ти­калық атауларды ретке кел­тірудің негізгі ғылыми дәйек­терін басшылыққа ала отырып, елді мекен атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айна­лымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру мақсатын көздеп отыр.

БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар­ма­сының бөлім басшысы Светлана Қадырбайқызы өңір­дегі жағдай туралы айта келіп, тәуелсіздік алғалы бері облыс­та идеологиялық тұрғыдан ес­кір­ген немесе мән-мағынасын жоғалт­қан 5 ауданның, 109 елді мекеннің, 1854 көшенің атаулары өзгертілгенін баяндады. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 12 аудан, 454 елді мекен, 4 077 көше бар. Оның ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген әлі де болса 2 кент, 22 ауылдық округ, 545 көше, 64 елді мекен атаулары өзгертуді қажет етеді.

Жиында қордаланған мәселе­лер талқыланып, жер-су атау­лары­ның шығу тарихы туралы өзекті ой қозғалып, құнды ұсы­ныс, келелі пікірлер айтылды. Филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр мен Ғабит Хасанов, тарих ғылымдарының кандидаты Әлфия Байболсынова, өлкетанушы Зұлқожа Шарафут­дин, Дәулеткерей Құсайынов, Нұрлан Сәдір, Ахмедияр Батыр­­­ханов, т.б. өз сөзінде ел мен жер тарихын түгендеуде топони­микалық атаулардың маңызды екенін айтты. Республи­када басталған үлкен іске жан-жақ­ты қолдау білдіруге уәде берді.

 

Батыс Қазақстан облысы