Мемлекет басшысының Каспий теңізі проблемасын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ-қа Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Институт Президент тапсырмасымен Каспий теңізінің экологиялық мәселесін зерттеу мақсатында құрылды. Атап айтқанда, ҒЗИ-дің қызмет аясына балық қорының көлемін бағалау, оларды сақтау әдістері мен технологиясын әзірлеу, ихтиофаунаны зерттеу, итбалықтың жаппай қырылу себебін анықтау мен оның популяциясын сақтау мәселесі кіреді. Сонымен қатар теңіздің гидрологиялық үдерістерін зерттеуге және оның деңгейін бақылауға, климаттың өзгеруі мен оның экожүйеге әсерін талдауға, судың сапасы, биологиялық алуантүрлілік пен Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі мен жағалауының өзге де параметрлері жөніндегі деректерді жинау әрі талдаумен айналысады.
Үкімет резервінен бөлінген қаражат институтты одан әрі дамытуға бағытталған. Гидробиология мен гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониторинг зертханаларында ғылыми-зерттеу жұмысын уақтылы әрі тиімді жүргізуге, сондай-ақ институтқа жүктелген өзге де міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.