• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жоба Бүгін, 08:58

Жастарға жігер беретін жоба

20 рет
көрсетілді

Алматыда Халықаралық жастар күніне арналып өткізілген «Alma love» онкүндігі өз мәресіне жетті. Айрықша жоба қала әкімдігі Жастар саясаты басқармасының қолдауымен алғаш рет ауқым­ды деңгейде жүзеге асырылып отыр. Елдегі жоғары оқу орын­дары­ның үштен бірін құрайтын мегаполисте 150 мыңнан астам сту­дент білім алатынын ескерсек, бірегей бастама студент­терд­ің өз мақсаттарын жүзеге асыруына үлкен мүмкіндік сыйлады.

Балуан Шолақ атын­дағы спорт және мә­дениет сарайында қорытындыланған іс-шараны 5 мыңнан астам көрермен тамашалады. Онкүндік аясында ұйымдастырылған 10 ірі жоба шығармашылық, спорт, білім, волонтерлік және экология бағыттарын қамтыды. Он күн ішінде квест ойындар, «Jastar Talks» мотивациялық кездесулері, экологиялық челлендждер, би жарысы, жас­тар көрмесі және «Жайдарман» ойындары 30 мың­нан астам арманшыл жасты бір алаңда тоғыстыра алды.

«Биылғы «Alma love» онкүн­дігі – жастардың әлеуетін ашуға, шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға арналған ерекше жоба болды. Біз 10 күн бойы түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастырып, жаңа есімдердің жарқырауына жол аштық. Бұл – бір фестиваль аясында қала тарихында алғаш рет осындай ауқымдағы жобаны жүзеге асыруымыз. Жастар – Алматының дамуы мен жаңаруына серпін беретін күш. Біз олардың бастамаларын әрдайым қолдауға да­йынбыз», дейді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Қай елдің де жарқын бола­шағы – жан-жақты білімді, ұшқыр ойлы талантты жас­тар. Аталған жобаның бас­ты мақсаты әр саладағы да­рынды жастардың басын қо­сып, олардың арман-мақ­сат­тарына баспалдақ болу дейді ұйымдас­тырушылар. Аталған жобаны ұтымды идеясымен көзге түскендер үшін өз армандарын іске асырудың таптырмас мүмкіндігі деп атауға болады.

Гранд финалда Алматының дамуына түрлі сала бойынша үлес қосқан жас көшбасшылар мен волонтерлерге Алматы қала­сының әкімі атынан алғысхат табысталды. Олардың қа­та­рында эковолонтер, «Проект Вирус» экологиялық бастамасының жетек­шісі Дулат Нәбиев те бар.

«Жастардың бастамасы – қоғамның қозғаушы күші. Біз табиғатты қорғап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы болашағымызға инвес­тиция құйып отырмыз. Біз­ге жасалған қолдау – жас бел­сенділердің табанды еңбегінің нәтижесі», дейді Д.Нәбиев.

Кеш барысында Досекеш, Қанай, Еркеш Хасен, Қай­рат Нұртас сынды отандық эстра­да әншілері өнер көрсетті. Көрер­мендерге ерекше шоу бағдар­лама­лар ұсынылып, жас өнерпаз­дар­дың қатысуымен өрбіген сахналық қойылымдар жылы әсер сыйлады.

 

АЛМАТЫ