• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Кеше

Көкшедегі кемеңгер тойы

30 рет
көрсетілді

Хакім Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай Көкшетауда өнегесі мол, өрісі кең, ауқымды іс-шара өтті.

Қопа көлінің жағалауына салынған жағажай – қазір қала тұрғындарының мақтанышы. Таяуда ғана толық аяқталып, пайдалануға берілген. Абай тойы осы жерде өткізілді. Күн сәл ғана желкем, күміс көл­­дің майда толқындары да­ныш­панға деген ел көңілін­дей тебірене толқып жатыр. Жа­ғалау бойы бірнеше бө­лік­ке бөлінген. Әр тұсында әр­түрлі тақырыпта іс-шаралар ұйым­дастырылды. Барлығы топ­таса келе Абай шыңын биікте­тіп, тамаша тағылымын арттырды.

– Жарты жыл ішінде екі мыңнан астам мазмұнды шара өткіздік, – дейді облыстық мә­дениет басқармасының бас­шысы Айгүл Сәбитова. – Бүгін жағалаудағы Арбат шы­ғар­машылық ұжымдардың көрермен назарына ұсынған әдемі ән, күміс күйімен көмке­ріліп тұр. Облыстағы театр­лар, филармония, фоль­клор­лық ансамбльдер, музейлер мен кітапхана ұжым­дары үлестерін қосып жатыр. Өсіп келе жатқан жеткіншектер қаншалықты қуатты екенін көрсетеді. Ұлы ойшылдың өмір­шең өлеңдері мен қарасөздері бүгінгі за­ман­дас­та­­ры­мыздың рухани кеңістігін сәуле­лендіре түспек.

Арбат жеті бөлікке бөлін­ген екен. Алғашқысында «Өлең – сөздің патшасы» тақыры­бындағы мүшәйра. Оған айту­лы ақындар қатысып, Абай­дың ұлы мұрасының желі­сін жалғастырды. Келесі алаңда жас суретшілер «Жыл мезгілдері» деп атала­­тын байқауда бақ сынады. Об­лыстық Мағжан Жұма­баев атындағы ғылыми-әмбе­бап кітапханасының бөлім меңгерушісі Айнұр Өте­бае­ваның айтуынша, суретшілер қауымы Абай өлеңіндегі табиғат көрінісін қылқалам ұшымен бейнелеген. 6-17 жас аралығындағы талапкерлерден түскен 140 картина сарапталып жатыр. Қылқалам шеберлері Қосшы, Қоянды, Степногр, Көкшетау, Крас­нояр, Ақкөл және Атбасардан келген. «Абай портреті» аталымы бойынша бірінші орынды Қосшы қаласынан келген 17 жастағы оқушы Назар Кобелев иеленді. Дәл осы жерде кітап көрмесі ұйымдастырылыпты. Онда архив материалдарымен қатар, сирек кездесетін құжат­тар да қойылған.

«Шеберлік шаһары» бө­лігінде қолданбалы-сәндік өнер шеберлерінің көз жауын алатын туындылары қойыл­ған. Нұржан Дәлманов, Бақ­шагүл Байдолла, Ұлжалғас Қарым­сақова, Гүлнар Серікжанова тәрізді хас шеберлер Алаш жұртының сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан қолөнер туындыларын ұсынды.

Фольклорлық ансамбльдер фестивалі тыңдарман қауым назарын аударған тағылымды, мазмұнды шара­­ның бірі әрі бірегейі еді. «Абай – дана, Абай – дара» деп аталатын тақырып аясында өңірдің үздік ұжымдары өнер көрсетті.

«Әнді сүйсең, менше сүй» деп аталатын байқау аясында өңірдегі ән әлемінің жар­қын өкілдері өнер көрсетіп, көпшілік көңілін баурады. Ең есте қаларлығы, «Даналық бастауы – Абай» деп аталатын халық театрларының фестивалі еді. Оған «Ақмол», «Шежіре», «АрARTе» театрлары қатысып, «Абайдың Бір­жан салмен кездесуі» іспетті тарихи тағылымы мол сәтті қау­заған көрініс қойды.

– Бұл бір естен кетпес ғажап мереке болды, – дейді қала тұрғыны Есенбай Кереев. – Әсіресе жас толқын кемеңгер өнегесімен рухтанып, таным-тағылымын кеңейте түсті. Ұлт мәдениеті мен өнеріне, дәстүрі мен салтына сусындап, таңдай қағыстық.

 

Көкшетау