• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 15:30

Білім беру саласының драйверлері

30 рет
көрсетілді

Келесі аптада ауыл мектептерімен табысты жұмыс істеп жүрген барлық отандық білім беру операторлары алғаш рет бір кәсіби алаңда бас қосады. Республикалық тамыз кеңесінің тақырыптық сессиясында ауылдағы білім жүйесінің стратегиялық басымдықтары мен жұмыс алгоритмдері талданбақ. Қарағанды облысындағы Осакаровка ауылында екі жүзден астам мектеп директоры офлайн, ал төрт мыңнан астам мұғалім жылдың басты педкеңесіне онлайн түрде қатысады.

«Жас ұстаз» – NIS-тің ауылдық білім беруді жүйелі жаңғыртуға бағытталған ұлттық деңгейдегі бағдарламасының қисынды жалғасы. Жоба еліміздің барлық өңірінде ауқымды түрде жүзеге асырылып жатыр.

«Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін дамыту» – «AITAS» холдингі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бірлесіп жасаған «Ауыл мектебі powered by NIS» жобасынан  туындаған бірегей жоба. Жоба алты жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай және Ұлан аудандарындағы, сондай-ақ Ақмола облысының Бұланды ауданындағы бес мектептен басталған еді.

Үш жылдан бері табысты білім беру бастамасы ұлттық жобаға айналды. Бүгінде ауылдағы білім жүйесін мектептерде заманауи инфрақұрылым мен цифрлық орта құрып жүрген «Қазақстан халқына» қоры мен Білім берудің тұрақты даму қоры қолдап отыр. Ал академиялық мазмұн үшін жауапкершілік «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында қалды. Өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов барлық өңірлерде тірек ауыл мектептерін құруды тапсырды.

Бүгінде тірек ауыл мектептері  еліміздегі білім беру саласының негізгі қозғаушы күшіне айналды. 2024 жылы бес тірек ауыл мектебі республикалық «Орта білім берудің үздік ұйымы» байқауының жеңімпазы атанып, жалпы сомасы 80 миллион теңгеден асатын гранттарға ие болды. Тірек мектептердің үш бірдей мұғалімі «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының ТОП-50 финалистерінің қатарына енді. Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы тірек мектеп «FIRST Global Challenge» халықаралық жарысында Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Ұлытау ауданындағы мектептің информатика пәнінің мұғалімі, «Ауыл мектебі – жаңа мүмкіндіктер арнасы» атты алғашқы әдістемелік интенсивтің делегаты Маржан Аханова өзінің ұстаздық жолын ауыл мектебінен бастағанын – үлкен сәттілік деп есептейді. Ол оқушыларын AI құралдарын меңгеріп, туған өлкелеріне арналған цифрлық контент жасауға шабыт берген. Ал Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданынан Бауыржан Мұсабаев қысқа мерзімді зерттеу жобаларын әзірлеп, сол арқылы білім беру үдерісіне үздік педагогикалық тәжірибелерді енгізіп жүр.

Әр ауыл мұғалімі қоржынанда өз пәнін оқыту бойынша бірегей тәсілдер мен креативті әдістемелік шешімдер бар. Сондықтан биылғы қаңтар айынан бастап тәжірибелі NIS тренерлерінің қолдауымен «Кәсіби ұстаз» онлайн алаңы іске қосылды. Бұл платформада тірек ауыл мектептерінің 200-ден астам мұғалімі шеберлік сабақтарын өткізіп жүр. Бұл – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға ықпал ететін тиімді құрал.

NIS жобасындағы әрбір ауыл мектебі үш жылдық циклден өтеді: бірінші жылы – мәселелерді диагностикалау, өзгерістердің негіздеріне бойлау және мотивация беру; екінші жылы – даму мен ауқым, өзгерістерді басқару, білім берудегі көшбасшылықты дамыту; үшінші кезеңде – тұрақтылық, сарапшылық және тәжірибені таратуға назар аударылады. Төртінші жылдан бастап трансформация жолынан сәтті өткен тірек ауыл мектебі серіктестік және инновацияны тарату арқылы өзіне бекітілген шағын жинақты мектептерді қолдайды және дамытады.

Астанада өткен алғашқы республикалық «Ауыл мектебі – жаңа мүмкіндіктер арнасы» интенсивінде делегаттар ауыл мектебінің шынымен де жаңа мүмкіндіктер мекеніне айналғанын мойындады. Тірек мектептер мен олардың педагогтері отандық білім саласында командалық және жеке көшбасшылар деңгейіне көтерілді.

«Beyim Ustaz» интеграциялық цифрлық экожүйесі педагогтер арасындағы жүйелі кәсіби әріптестікке, ауыл мектептерінде цифрлық ортаны қалыптастыруға, сондай-ақ отандық және халықаралық стандарттарға сай бірыңғай білім беру кеңістігін құруға жол ашты.

Сәуір айында отандық мұғалімдер Кембридж университеті арқылы жаһандық білім беру кеңістігіне қосылды – «Camtree» (Cambridge Teacher Research Exchange) ғаламдық онлайн-платформасына қолжетімділік педагогикадағы ғылыми зерттеулерге арналған Кембридж университетінің бірегей цифрлық кітапханасын пайдалануға мүмкіндік берді.

Оқушылардың әл-ауқатын қалыптастыруда үздік деп танылған финдік «KiVa» бағдарламасының енгізілуі тірек мектептерде буллинг жағдайларының азаюына ықпал етті. Қазіргі уақытта «KiVa» пилоттық режимде Қарағанды облысының Абай, Ақтоғай, Осакаров және Шет аудандарында, сондай-ақ басқа да өңірлерде жүзеге асырылуда.

Өткен жылдың қыркүйегінде Астана бес күн бойы әлемдік білім берудің астанасына айналды. Тарихта алғаш рет Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының (World Association of Lesson Studies) жетекші сарапшылары ТМД кеңістігіне келіп, WALS-2024 басты конференциясын өткізді. Шетелдік сарапшылар бұл жиынды Қазақстанның ашық сабағы деп атады. Дүниежүзілік Lesson Study қауымдастығының президенті Кэтрин Льюис еліміздегі Lesson Study моделі туралы былай деді:

«Астанада және барлық өңірлерде сабақты зерттеу нақты түрде жүзеге асып жатыр, бұл әдіс мұғалімдердің басым бөлігіне жетті. Қазақстандық Lesson Study тәжірибесі – жаһандық педагогикадағы ең үздіктердің бірі, өйткені ол қалада да, ауылда да бірдей сәтті енгізіліп жатыр».

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан Ләззат Налибаеваның зерттеуі Жапонияның Хиросима қаласында өтетін WALS-2025 басты конференциясында – «Tsunagu – Connect» тақырыбымен баяндама жасау үшін қабылданды.

2023–2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасында институционалдық алгоритмдер мен нысаналы индикаторлар нақты көрсетілген. Бүгінде елімізде бес мыңнан астам ауыл мектебі бар. Халықаралық PISA зерттеулерінің нәтижелері қала мен ауыл арасындағы білім сапасының айтарлықтай алшақтығын көрсетіп отыр. Тең білім мүмкіндіктеріне қол жеткізу – ел алдына қойылған маңызды міндет.

«Қазіргі таңда ауылдық жерлерде экожүйені қалыптастырып, қайта жандандыратын негізгі орын – мектеп. Егер мектеп болса – ол тірек нүктесіне айналады. Түлектер ауылға қайта оралып, балаларды оқытады, емдейді, құрылыс жүргізеді, кәсіп ашады, ал мұғалімдер ауылдағы басты құндылықтар мен мәдениетті жеткізуші болады. Білім беру мүмкіндіктерінің теңдігі – мемлекеттік білім беру саясатының өзегінде тұр. Сондықтан да NIS-тің ауыл мектептерімен жүргізіп жатқан жүйелі жұмысы стратегиялық басымдықтарға сай құрылуда – ол мұғалімдердің кәсіби дамуы мен білім беру менеджменті, оқыту, қолайлы орта құру салаларындағы үздік педагогикалық тәжірибелерді ауқымдау», деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова.

Мира Алипинова