Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда Президент жасанды интеллектінің мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыратынын атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, медицина саласында ауқымды ақпарат жинақталған. Жасанды интеллект көмегімен олардың негізінде дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге арналған құралдар дайындауға болады.
«Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін технологиялар белсенді қолданылады. Қазақстанда да перспективті медициналық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан еліміздегі медициналық ақпарат жүйелерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқайсысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллектінің медицина саласына енгізілуін тежейді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді», деді Президент.