Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай БАҚ-тың сұрауына орай Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлесуіне қатысты пікір білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлесуіне Ресей тарапы бастамашы болды. Әңгіме достық әрі өзара сенім сипатында өрбіді.
Тараптар Украина қақтығысын реттеуге ерекше назар аударды. Владимир Путин АҚШ Президенті Дональд Трамптың арнаулы өкілімен келіссөздер нәтижесі туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала қол жеткізілген уағдаластықтарды құптап, Қазақстан әуел бастан әскери қимылдарды тоқтатуды көздейтін бейбітшілік формуласын іздеуді жақтағанын атап өтті.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібін талқылады.
Қазақстан Президенті биыл қараша айына жоспарланған Мәскеуге мемлекеттік сапарына айрықша мән беретінін айтты. Аталған сапардың мақсаты – стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы ынтымақтастықты жан-жақты кеңейту.