Үш жүзден ән оздырған сал Мұхиттың туған жері – Қаратөбеге барған адамды ауылдың кіреберісінде алып домбыра мүсіні мен «Құт дарып, кие қонған Қаратөбем» деген өлең жолы қарсы алады.
Туған жерге деген перзенттік жүректен шыққан бұл өлеңнің авторы – жергілікті ақын Жандос Әмірғалиев болса, басына қарағанда тақияң түсетін домбыра мүсінін және өлең жолын темірден дәнекерлеп жасаған – тағы бір қаратөбелік азамат Жандос Айталиев екен.
- «Қаратөбеге барсаң, әншімін деме» деген сөз бар біздің жақта. Әйгілі Мұхит әнші Мерәліұлының, Ғарифолла Құрманғалиевтің, кешегі Ескендір Хасанғалиев ағамыздың осы Қаратөбеде туғанын меңзеп айтылған әңгіме ғой. Қазақтың ән әлемінде «Мұхит мектебі» деген атауды қалдырған атамыздың құрметіне осы домбыраны өз қолыммен, өз қаражатыма жасап, 2016 жылы орнатып едім. 2017 жылы Астанадағы Бәйтерек кешенінің шағындау моделін Қаратөбе ауданы орталығында тұрғыздым. Осының бәрін туған жеріме деген махаббат жасатты, - дейді Жандос Қадіршеұлы.
Қара темірді балқытып, бір-біріне жалғайтын мамандық иесі Жандос Айталиев 1976 жылы Қаратөбе ауданының Аққозы ауылында дүниеге келіпті. Өз ауылында орта мектепті бітірген соң Орал қаласындағы құрылыс техникумында оқыды. Бірақ тоқсаныншы жылдардың соңындағы дағдарыс талай жанды тентіретіп жіберді ғой. Біздің кейіпкеріміз де түрлі салада қызмет етті. Біраз уақыт мұнай айналасындағы «Saipem» компаниясында нәпақа тапты.
- Дәнекерлеуші деген мамандықтың маңызы зор екенін ең алғаш сол жерде көрдім, - деп еске алады Жандос. Оған дейін де электрмен пісіретін аппаратты алып жіберіп, тұрмысқа, тіршілікке қажет жұмысын өзі тындыра беретін ауыл баласы шетелдік компаниядағы талапты және әріптестерінің шеберлігін көріп, таңдай қағыпты. Әйтпегенде ше, өз кәсібін шебер меңгерген нағыз маманның әр қимылы әсерлі болады екен, электродты алып тұрып, тасқараңғы әйнектің артынан әр шоқығаны шедевр болып түскенде таңғалмасқа шара жоқ қой.
Жандос дәнекерлеуші мамандығының нағыз шығармашылық жұмыс екенін, майталман маманның машығы ықыласты ыждағатпен және талай жылғы тәжірибемен келетінін түсінді. Сөйтіп, «Энергетик» оқу орталығына жазылып, бұл өнердің теориясына бойлады. Ол курсты тәмамдаған соң KCG компаниясына жұмысқа тұрды. Бұл жерде де Жандосқа тағылымды ұстаз, тәжірибелі тәлімгер кездесті.
«Маған осы өнерді үйреткен Мұратбек Қайырсапаұлы Мұхамбедиев пен Ернияз Ералыұлы Үдіреевтерді өлгенше ұмытпаймын. Мен олардан дәнекерлеу техникасын, әдіс-тәсілін ғана емес, мамандыққа деген махаббатты, жауапкершілікті де үйрендім» дейді Жандос.
Адам бір кәсіпті терең меңгерген сайын айналасына қажет адамға айналады екен. Әуелі айналасына есік-терезе, қақпа жасап, тәжірибе жинаған Жандос 2015 жылы «Yasin stroy kz» деген өз фирмасын тіркеді. Ясин дегені – тұңғыш ұлының есімі ғой. Бастапқыда кез-келген тапсырысқа жармасты. Өйткені өз атыңды дәлелдеу, мойындату, халық сеніміне ие болу оңай емес. Бірте-бірте кейіпкеріміз үлкен жобаларға қол созды. Құрылыста сэндвич-панел деп аталатын технология саласын меңгерді. Басында Батыс Қазақстан облысы аумағында жүрсе, кейін көршілес Ақтөбе, Атырау облыстарынан да тапсырыс түсе бастады. Міне, бүгінде үш қабатты сауда үйлерін, күрделі ғимараттарды қиналмай тұрғыза беретін қабырғалы мекемеге айналды.
- «Іс тетігін маман шешеді» деген сөз бұрыннан бар ғой. Бірақ әрбір мақалдың мәнін өз басыңнан өткергенде анық түйсінеді екенсің. Қазір менің жанымда өзіммен бірге сыналған 6-7 азамат бар. Біз бірге үйрендік, бірге өстік. Қазір мен кез-келген тапсырыс алып, кез келген күрделі ғимаратты тұрғыза алатыныма әбден сенемін. Өйткені біздің ұжым, біздің команда – жұдырықтай жұмылған, бесаспап мамандар. Мен жігіттеріме сенемін, - дейді Жандос.
Әңгіменің басын Жандостың қайырымдылық ісімен бастап едік қой. Кейіпкеріміздің туған жерге деген махаббатын былтыр – 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде де көрдік. Батыс Қазақстан облысында былтыр табиғат апатынан ең алдымен зардап шеккен – дәл осы Аққозы ауылы болатын. Сол кездері Жандостың жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Уатсап желісінен ауылдастарына көмек қолын созатын топ құрып, жедел қаражат пен керекті заттарды жинауды жолға қойып, Орал қаласынан туған ауылына бірнеше мәрте қайырымдылық керуенін ұйымдастырғанына куәміз. «Жандостың туған жеріне деген махаббаты – өзі пісіріп бекіткен темірдің жігіндей» деуге болатындай. Мүмкін одан да берік шығар.
Батыс Қазақстан облысы