• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 09:15

Қазақстан көпвекторлы саясаттың үлгісін көрсетіп отыр

20 рет
көрсетілді

Биылдың өзінде Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы стратегиялық көпір мәртебесін нығайта отырып, көптеген форум, саммиттер мен әлемнің бірқатар көшбасшыларын қабылдады.

Еуропалық Одақтың негізгі серіктесі, түркі әлеміндегі жетекші ел және дамып келе жатқан Орталық Азия державасы – Қазақстан Жаңа Жібек жолының ең маңызды тірегіне айналып келеді.

Маусым айында Қазақстан Сло­ва­кия Премьер-министрін, Болга­рия Президентін қарсы алып, Болгария­мен ғарыштық зерттеулер, қорғаныс өнер­кәсібі және т.б. салаларда ынтымақтастықты бекемдей түсті. Италия Премьер-министрі Джорджия Мелони де елге келіп, Аста­на халықаралық форумына қатысты. Елде Орталық Азия-Италия саммиті мен Екінші Орталық Азия-Қытай самми­ті өтті. Жуырда Президент Қ.Тоқаев Анкарада болып, Түркиямен екіжақты 20 келісімге қол қойды.

Қазақстан – теңдестірілген және праг­матикалық көпвекторлы дипломатияның айқын үлгісін көрсетіп отырған санаулы елдердің бірі, ал бұл оны аймақтық және жаһандық державаларға таптырмас серіктес етіп отыр. Еуропаға мұнай, уран, маңызды шикізат пен көмір­дің сенімді жеткізушісі және Орта­лық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Соны­мен қатар Қазақстан Қытай және Түр­кия елде­рімен берік дамып келе жатқан әріп­тестік қарым-қатынасты сақтап келеді.

Сондай-ақ Қытай, Түркия және Ресей сияқты елдер Қазақстанға стратегиялық қызығушылық танытып отыр, Еуроодақ та аймақпен байланыстарды тереңдетуде артта қалып қоймауын қамтамасыз етуі керек. Ал Си Цзиньпиннің жақында Астанаға жасаған сапары барысында Қазақстан өзінің алғашқы атом электр стансасының құрылысын жүргізетін компанияларды жариялады. Олар – Ресейдің «Росатом» және Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC). Кең ауқымды дипломатиялық күш-жігерге қарамастан, Францияның EDF компания­сы қысқа тізімге енгізілген еуропалық жалғыз үміткер еді, бірақ іріктеуден өте алмады.

Қазақстан әлемде тиімді дипломатия­лық тепе-теңдік орнатуды жалғастырып келеді. Мұны 29 шілдеде қол қойылған стратегиялық келісімдер тағы бір дәлел­деді. Анкарада президенттер Режеп Тайып Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінде Түркия мен Қазақстан арасындағы 5-Жоғары деңгейдегі стратегиялық ын­тымақтастық кеңесінің шешімі мен бірлескен декларациясының маңызы зор. Сонымен қатар Түрік мұнай корпорациясы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасындағы ынтымақтастық тура­лы келісім жасалды. Бұл Қазақстан жаһандық мұнай саудасындағы маңызды ойыншы болғандықтан өте өзекті мәселе. Осы келісім арқылы Қазақстанның мұ­най экспорты одан әрі кеңейе түспек. Бұған қоса, логистика және көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі келісімдер де бар.

Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі география­лық және геосаяси рөлі – Ердоғанның Қ.Тоқаевты Анкарада қабылдау туралы бастамасының негізгі бір себебі. Еуропаның да аймақта, әсіресе Ресейді айналып өтетін Орталық Азия, Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы Азияны Еуропамен байланыстыратын мультимодальды сауда жолының (теміржол, теңіз және автомобиль жолдары) Орта дәлізді дамытуда күшті стратегиялық мүдделері бар.

Жалпы, Түркия мен Қазақстанның тығыз ынтымақтастығы Қытайдағы Ляньюньганнан Ыстанбұлға дейін созылып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан және Грузия арқылы өтетін Орта дәлізді ілгерілетудегі маңызды қадам болып отыр. Сарапшы Ю.Мак-Гландиер атап өткендей, Ақтау порты ежелгі Жібек жолының осы заманғы қайта жаңғыруында орталық рөл атқарады деген үміт бар.

Сондай-ақ Қазақстан өзін аймақтық технологиялық хаб ретінде де танытып отыр. Түркияның Индустрия және технология­лар министрлігі мен Қазақ­станның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасында жасанды интеллект, инновация және ға­рыш қызметі саласындағы ын­ты­мақ­тастық туралы меморандумға және бас­қа да бірқатар келісімге қол қойылды.

Қазақстан цифрлық трансформация бойынша жаһандық көшбасшы ретіндегі позициясын да нығайтты, электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемдегі 25 үздік елдің қатарына енді. Цифрлық дәуірдің жиырма жылынан соң ел қазір ең озық мемлекеттермен бәсекелесуге қабілетті. Мәселен, өткен жылы Қазақстандағы цифрландыру жаңа белеске жетті, мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электрондық түрде көрсетілді, ал IT секторы 18 600-ден астам технологиялық компа­нияны қамтып, үш жыл ішінде 16 пайызға өсті.

Қорытындылай келе, Қазақстан қазір Еуропа, Таяу Шығыс, Қытай және Түркия үшін орталық және стратегиялық серіктес болып отыр. Көпвекторлы дипломатияның нағыз көшбасшысы ретінде ол стратегиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, түрлі жаһандық державалармен байланыс орната алды. Оның бір мысалы Еуропалық Одақтың Қазақстаннан Ресейдің белгіленген порттары арқылы көмір транзитіне рұқсат беруі Еуропаның қазақстандық экспортқа тәуелділігін көрсетеді.

Қазақстан Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестігін сақтай отырып, Түркиямен, Қытаймен, Таяу Шы­ғыс­пен және Ресеймен байланысын нығайтып келеді. Осылайша қазіргі геосаяси шиеленіскен, әрі бәсекеге қабілетті әлемде Қазақстанның негізгі ойыншы болып отырған әлеуетін ескере отырып, Еуропа бұл елмен ынтымақтастығын кеңейтуді жеделдетуі керек.

 

Дерья СОЙСАЛ,

журналист (Брюссель), «EU Reporter» және «Bruxelles Korner»-дің Орталық Азия бойынша сарапшысы