Биыл 180 жылдығы кең көлемде аталып өтіп жатқан Ұлы ақын Абай мұрасын ұлықтауға Ұлттық ұланның әскери бөлімдері де белсенді түрде атсалысуда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осы орайда "Абай жолы – болашаққа бағдар" деген ұранмен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында ерекше челлендж ұйымдастырылды. Игі бастама аясында сарбаздар мен офицерлер Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып, бір-біріне эстафета жолдады.
Мәселен, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімі алғашқы болып челленджді бастап, Алматы қаласында орналасқан 5571 әскери бөліміне жолдады. Өз кезегінде алматылық сарбаздар эстафетаны Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне тапсырды. Бұл үрдіс өңірлік бөлімдер арасында жалғасып, ақын шығармашылығын кеңінен насихаттауға сеп болуда. Келесі кезекте қызылордалық әскерилер эстафетаны қабылдап, әрі қарай Алматы облысындағы Алатау қаласына жолдады. Челленджді Талдықорғандағы Ұлттық ұланның әскери бөлімі жалғастырып, Алматы, Шымкент қалаларындағы басқа әскери бөлімдер де үн қосты. Абай шығармаларына арналған онкүндік эстафетасын Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімі аяқтайды.
Челлендж бейнероликтері әскери бөлімдердің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланып, жұртшылықтың оң бағасын алуда. Игі бастама жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, Абай мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік беріп отыр.