Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер саны арта түскен. Жалпы конкурс нәтижесіне сәйкес, барлық бағдарлама мен бағыт бойынша бір орынға төрт адамнан келді.
Айта кету керек, бұл – «Болашақ» стипендиясының жаңа ережелерге сай өткізілген екінші байқауы. Үміткерлер тестілеу, әңгімелесу және Республикалық комиссия отырысында бағалау секілді үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтті.
Осы жолы 981 үміткер стипендияға өтінім берген. Олардың ішінен бірінші кезеңнен – 916-сы, екінші кезеңнен – 659-ы, үшінші кезеңнен 217-сі өтті.
Жиын барысында 217 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды. Оның ішінде 167-сі – магистратурада, 13-і докторантурада оқиды. Сондай-ақ 37 азамат әлемнің ең үздік университеттері мен орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Комиссия мүшелері басымдық беріліп отырған мамандықтарға ерекше назар аударды. Яғни стипендия иегерлерінің 67,7 пайызы – жаратылыстану-техникалық, ал 32,3 пайызы әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша білімін жетілдіреді.
Сондай-ақ Республикалық комиссия ғылыми тағылымдамадан өтуге қатысты конкурстық іріктеу нәтижелерін қарастырды. Оған 165 адам өтініш білдірген. Үш кезеңнен тұратын конкурстық іріктеу нәтижесінде 68 азаматқа әлемдегі жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуге стипендия тағайындалды.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жүзеге асыру және жетілдіру жөнінде нақты тапсырма берді.