• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:25

Бас ақын биігі

30 рет
көрсетілді

Дана Абайдың аты мен заты аталған жерде Ахмет Байтұрсынұлының әйгілі «Қа­зақ­тың бас ақыны» зерттеуі еске түседі. Қан­ша уақыт өтсе де абайтанудың айнасы болып қалатын таңдаулы ең­бек. Осындағы үш-төрт тезис Абай жұмба­ғының ғана емес, ақынға құдай дарытқан қарапайым­дылықтың кілті екені анық.

Бірінші тезис – «Абай – ұлт білімінің өлшемі». А.Байтұрсынұлы: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық – Абайдың айта алмағанынан кем­шілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. ...Не нәрсе жайынан жазса да Абай түсіндіріп, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Оның сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі – оқулыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын» дейді. Бұл жерде ақынның «оқулық» дегені – оқу (көп оқу) үдерісі, ал оқушы – бүгінгіше оқырман. Абайды (даналықты) білмекке ұмтылған оқырман, біріншіден, дүние білімін талғап оқиды. Екіншіден, түсінбеген сөз сырын ой астарын, тосын бейнелерді қағазға түсіріп, түбі айналып соғады. Үшіншіден, «шала мейір шала байқайды» (Абай), қайта үңілсе – ұтады. Өйткені абайтану білімді молайтуға, адамтануға, ұлттануға ұласады.

Екінші тезис – «Абай – ұлт дәстүрінің қазы­насы, қоры». Ақаң жарықтық мына де­ректі дәйектейді: «Зеректікпен естіге­нін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақ­тың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешен­дерінің сөйлеген сөзі, көсемдердің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мысалдар сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен». Бұл не деген сөз? Ұлт ұстазы жүйесімен түсіндірсек, ақында ұлттың өткені мен бүгініне, түйгені мен түңілгеніне қатысты көп нәрсе бар. Абай – аспандағы ай емес, ол – ет пен сүйектен жаралған, қуаныш мен қайғысы қат-қабат адам баласы. Зерделі, маңдайы ашық, әзілі терең, ашуын ақылға жеңдірген жан. Мұхтар Әуезов «мүмкіндік болғанда ол Исмайыл Ғаспыралы сапынан көрінер еді» деген сыңайда ой айтады... Әбіш перзенті туралы: «Түзу жолдан қайтпаған... Аянып бойын тартпаған» деп келетін ақын бағасы – тұқым-зәузатының ұлт парасатына адалдығы. Біз кітап оқудың мәнін ақпарат алу мен заманды түсіну деп қабылдасақ, Абай даналығында осының екеуі де бар. Өлеңі де, қарасөзі де – ұлт һәм әлем олжасы.

Үшінші тезис – «ұлт ауданында қалмау парызы». А.Байтұрсынұлы былай түсіндіреді: «80-жылдарда жер аударылып барған Миха­элис деген бір білімді кісімен, қазақ ғұрпын­дағы қағидаларды жиюға елге шыққан Гросс деген екеуімен Абай таныс болған. Бұлар Абай­дікіне қонаққа келіп-кетіп жүрген. Абай­дың тегін адам емес екенін байқап, олар болыстықтан гөрі жақсырақ нәрсе барлығын сездірген. Абайдай зерек адамға жөн сілтесе болғаны, онан арғысын өзі іздейді. Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалпында жазған. ...Тәржімехәлін жазушы Ғалихан Бөкей­ханұлының айтуына қарағанда, Абай Спен­сер, Луис, Дрепер деген Ауропаның те­рең пі­кірлі адамдарының кітаптарын оқыған».

Алаш көшбасшысы «ақын Батыс білім­паздарына борышты екенін айтып отырған» дейді (дәйексөздегі «тәржімехәл» – биография). Қазақ даласына орыс мәдениеті аясында жеткен бұл зиялылардың арғы жағында әлем өркениеті тұр. Ұлт ағартушылары соны көре білді. Ғаламдық Абай мұрасын «Қазақтың ұлы кітабы» десек, мұндағы ұлт тағдыры – әр этностың тағдыры, тіпті әр адамның тағдыр-талайы. Тағы бір ақиқат: ұлы кітап – тек маман­дардың ғана емес, даналыққа құмар қарапайым адамдардың игілігі. «Мәтіні ауыр» дерсіз. Қайталап оқыңыз: біліммен келетін де, тәжірибемен келетін де түсіну әдісі бар. Ұстаз көмегін қажет етсеңіз, айнала – дәріс-сұхбат, зерттеу-мақала.

Төртінші тезис – «Абайдың ақындық, ойшылдық парқы». Ақаң төмендегіше тол­ғайды: «Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалпы өлең емес. Көп нәр­сені Абай сөз қылған. Сол сөздерінің ішін­де Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, біл­гені көрінеді. Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы – әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. ...Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген». Алаш кезеңінің лекси­ко­нындағы «асыл» – түп негізді білдіреді. Ықыласты адам Абай өлеңін түсінуге тырысады. Көне оқымыстылар дәуірінде оқудың іргетасы логика, риторика, грамматика еді. Қазіргі білім байырғыдан қашады. Оның үстіне әдебиет пен тілді бір пән етіп оқыту үрдісі басталды. Сөздің асылын білу үшін ойдың асылын іздеу қажет. «Абай – жаңаның басы, ескінің соңы» деген ұғым оның ақындық, ойшылдық деңгейін айқындайды.

Абайды оқу – мыңжылдық даналықты оқу. Ұлт қазынасын меңгеру. Тар аяда қалмау. Өлең өнерін талғаммен таразылау. Ол – әлемнің бас ақындары (классик) қатарындағы биік шың. Алаш арыстары поэзия хакімін осылай бағалаған.

«Абай – ұлттық сананы жаңғыртатын рухани реформатор» деген Президент Қ.Тоқаев тұжырымы да ақиқат. Ол – бүгінгі ұрпақ үшін адамшылық сезім, елтану, тұлғалық даму, әлеуметтік үйлесім, әр алуан көзқарас темірқазығы. Мәрмар жырлы Мағжанның «Бір сөзің мың жыл өтсе дәмі кетпес» деуінің мәні де осында.