• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 17:25

Алакөлде тағы бір санаторий салынады

40 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Әзербайжан кәсіпкерлері бірлесіп, Алакөл жағасынан тағы бір санаторийдің құрылысын бастауға ниетті. Осы мақсатта кеше қазақ-әзербайжан делегациясы Абай облысына келіп, өңір басшысы Берік Уәлимен жүздесті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Топ құрамында Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел, Қазақ-әзербайжан іскерлік кеңесі тең төрағасының орынбасары Аслан Құнияров, сондай-ақ Әзербайжан инвестиция холдингі мен Әзербайжан инвестиция компаниясының өкілдері болды. Олар облыс әкіміне Алакөл жағалауында санаторлық-курорттық кешен салу бойынша инвестициялық жобаны таныстырды.

«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Әзербайжан одақтастық қатынастардың жаңа деңгейіне шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Әзербайжанға үш рет ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы алдымызға Әзербайжанмен экономикалық байланыстарды нығайтып, өндіріс және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде нақты міндет қойды. 2024 жылы біз Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен инвестициялық қорын құрдық. Алакөлдегі жоба осы қор аясындағы алғашқы жобаның бірі. Сонымен қатар Әзербайжаннан қосымша инвестиция тартамыз» деді елші Ә.Байел.

Қазақ пен әзербайжан – тарихы бір, тамыры ортақ туысқан елдер екенін айтқан облыс әкімі Б.Уәли делегация мүшелеріне туристік кешен салуға ниет білдіргені үшін алғыс айтып, қазіргі таңда Алакөл туристік аймағының бас жоспары әзірленіп жатқанын, сол жерден орын бөлуге дайын екенін жеткізді.

Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен инвестициялары есебінен жыл бойы жұмыс істейтін, бір мезетте 800 адамды қабылдай алатын туристік нысан салу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі – 20 миллион АҚШ доллары. Кешен іске қосылған кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайтып, медицина мен демалысты тоғыстырған жаңа кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әрі қарай делегация Алакөлге барып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мақаншы ауданының әкімі мен Абай облысы туризм басқармасының басшысы қонақтарды өңірдің инфрақұрылымдық даму жоспарларымен таныстырды. Ә.Байел Алакөл жобасының Қазақстан мен Әзербайжанның туризм саласындағы ынтымақтастығында маңызды қадам болатынын атап өтті.