• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мирас Бүгін, 08:10

Теңіз жағасындағы қобыз

20 рет
көрсетілді

«Ақтау – түркі әле­мінің мәдени астанасы» жобасы аясында «Жұмбақ бояулар» атты халықаралық мүсін­шілер симпозиумы өткен еді. Осы жиын­ға Қырғызстан, Өз­бекстан, Әзер­бай­жан, Түркия мемле­кеттерінің өнер­паз­дарымен бірге оралдық мү­сінші Ерғали Бекешев те қатысты.

Осы сапарда Суретшілер одағының мүшесі, Көркем­сурет академиясының мүше корреспонденті, танымал мүсінші Ерғали Бекешев теңіз жағасындағы қалаға биіктігі 3 метр, ені 2 метрге жуықтайтын қобыз мүсінін жасап апарып, Маңғыстау жұртына сыйға тартыпты.

– Өнер жолында жүрген соң өз халқымыздың салт-дәстүрін, болмысын бейнелейтін дүниелерді жасағанды ұнатамын. Өзім негізінен тот баспайтын металмен жұмыс істеймін. Бұған дейін де қобыз аспабы бірнеше шығармама өзек болған еді. Осы жұмысыма – «Ақнар» деп ат қойдым. Жалпы қобыз – тек қазақтың емес, адамзаттың көне аспаптарының бірі. Дауысы ерекше, тылсымға толы. Атырауда Ақнар Тәттібайқызы есімді қобызшы Ресейдің Алтай өлкесіне барып, қобыз тартқанда, күйге балқыған халықтың көзіне жас алғанын айтып еді. Шынымен де қобыздың айналасында мистикалық оқиға көп. Қобызын бәйгеге қосатын Қойлыбай бақсының әңгімесі неге тұрады? – дейді Ерғали Орынғалиұлы.

Ерғали Бекешев биыл жазда Лондонға, «Golden Time Talent» атты халықаралық өнер фестиваліне де қатысты. Фестивальдың онлайн кезеңінде «Алдар көсе» атты мүсінімен бірінші орынды иеленіп, Лон­дон­ға шақырту алған шебер темір мен табиғи тастан жа­салған «Табандылық» атты жұмысымен халық­аралық фестивальдың жеті жүлдесінің бірін алып қайтқан еді.

Бұдан бөлек Ерғали Бекешев – Астана қаласындағы «Астананың құрдасы», Орал қаласындағы «Арман құсы», «Нәзіктік», «Домбыра», Ақтөбедегі «Нарын», Ақсай қала­сын­дағы «Суретшінің әлемі» сынды мүсіндердің авторы. Суретшінің тағы бір жұмысы – «Хан тағы» Орал қала­сындағы Хан тоғайына орнатылмақ болып жасалған еді. Бірақ түрлі кедергілердің кесірінен әлі орнын таппай тұр.

 

Батыс Қазақстан облысы