Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) елімізбен көп жылдан бері серіктестік орнатып келеді. IFC-ның Түркия және Орталық Азия бойынша директоры Вибке Шлёмер бізге берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстандағы инвестициялық климат, мемлекет-жекеменшік әріптестік (МЖӘ), Транскаспий дәлізі мен болашағы зор салалар туралы ой бөлісті.
– Вибке ханым, IFC елімізде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында қандай маңызды нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
– IFC осы уақытқа дейін елде 60-тан аса жобаға қатысып, 2,6 млрд доллардан астам инвестиция салды. Қаржыландырумен қатар, кеңес беру арқылы да қолдау көрсетеміз. Айтарлықтай маңызды жобалардың бірі – Алматы халықаралық әуежайын кеңейтуге бағытталған 222 млн долларлық инвестиция. Модернизацияланған әуежай қазірдің өзінде жолаушылар ағыны мен жүк тасымалын едәуір арттырды. Сонымен қатар ең ірі мемлекет-жекеменшік әріптестік жобалардың бірі Үлкен Алматы айналма жолы жобасына қатыстық. IFC осы жобаны құрылымдауға кеңесші ретінде қатысып, ашық халықаралық конкурс ұйымдастыруға көмектесті. Жеңімпаз болып түрік-корей консорциумы танылып, мемлекетпен келісімге келді.
– Сіздің ойыңызша, біздегі қай салалар инвестиция үшін тартымды?
– Біз Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторларға бет бұрғанын құптаймыз. Бұл тұрақты даму үшін маңызды қадам болар еді. Объективті түрде алғанда, елдеріңіз географиялық жағынан өте қолайлы орналасқан. Еуропа мен Азияны байланыстыратын ел ретінде оның көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктері зор. Соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліз ерекше маңызға ие. Дәліз арқылы тасымал көлемі 2030 жылға дейін 3 есе артып, жылына 11 млн тоннаға жетуі мүмкін. Бүгінде осы бағытты дамыту үшін Алматыны айналып өтетін теміржол жобасы іске асып жатыр. Себебі қаланың жүктемесін 40%-ға дейін азайтып, транзитті жылдамдату қажет. Қазақстан – астықтың ірі өндірушісі және экспорттаушысы. Осы сала тек экономикалық емес, әлеуметтік мәнге де ие. Шалғай аймақтардағы жұмыс орындарының негізгі көзі ауыл шаруашылығында. Бұған қоса, өңдеу өнеркәсібі, ақпараттық-коммуникациялық технология, денсаулық сақтау мен қызмет көрсету салалары да маңызды.
– Мемлекет-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) туралы жиі айтылады. Бізде бұл құрал қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатыр?
– МЖӘ инфрақұрылым мен қоғамдық қызметтерді дамытуда үлкен рөл атқарады. Жақсы құрылымдалған жобалар мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалықты жеңілдетіп, жеке капиталды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеке сектор тиімділік, инновация мен басқару тәжірибесін алып келеді. Қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырады. IFC дамушы елдердегі үкіметтермен осы бағытта тығыз жұмыс істейді. Кейінгі 20 жылда МЖӘ жобалары арқылы 67 млрд доллардан астам инвестиция тарттық. Сіздің елде де осы құралдың әлеуеті зор. Сауд Арабиясы, Бразилия, Үндістан сияқты елдердің тәжірибесін зерделей отырып, Қазақстан өз инфрақұрылымын заманауи деңгейге шығара алады.
– Қандай нақты жобаларды МЖӘ аясында табысты жүзеге асыруға болады?
– Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, Қазақстанда сумен қамту және санитарияны дамытуға арналған Жол картасын әзірледік. IFC осы бағытта қанатқақты МЖӘ жобасын іске қосуға дайын. Жоба бірнеше қаланы қамтып, сумен жабдықтау сапасын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымы теміржол, әуежай, логистикалық хабтар маңызды. Елдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану үшін бұл салаға инвестиция қажет. Бұған энергетика, денсаулық сақтау сынды салаларды да қосуға болады.
– IFC үшін Қазақстан несімен тартымды?
– Қазақстан – макроэкономикалық тұрақтылығы бар, дамуға бейім мемлекет. Ел экономикасын әртараптандыруға, жаңа секторларды дамытуға бет бұрған. Бұл IFC үшін үлкен мүмкіндік. Біздің басты мақсатымыз – жеке секторды қолдау арқылы елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына нақты үлес қосу. Банк секторын әртараптандыруға да күш салып келеміз. Микро және шағын кәсіпкерлерге арналған қаржыландыру көлемін ұлғайту, халықаралық тәжірибені енгізу басты назарымызда. Қазақстанда инвестициялық климат жақсы, бірақ инвестицияны нақты іске айналдыру үшін жобаларды дұрыс құрылымдау, тәуекелді азайту және халықаралық стандарттарға сай ету маңызды. Бұл жерде IFC тәжірибесі пайдалы болады.
Әңгімелескен –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»