• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Кеше

Зеңгір аспанның аңыз тұлғасы

10 рет
көрсетілді

Аты аңызға айналған ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев бақиға озды. Қазақ жұрт­шы­лығы қамшы сабындай тірлікте үш мәрте ға­рышқа сапар шегіп, 341 тәулігін алқара көк аспанда өткізген аңыз тұлғасынан айырыл­ды.

Адамзат баласы миллиондаған жыл бойы қанатты құстай көкке ұшып, ғалам­шарды қақ жарған құс жолын тіліп өтіп, ғарышқа төте сапар шегуді қиял­дап келгені белгілі. Сол адамзаттық аңсарға 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин қол жеткізіп, Қорқыт қобызының үні қал­­ған даламыздан ұлы сапарға аттанды. Жұмыр жер бетін дүр сілкінткен сол тарихи оқиғадан кейін қаншама қара­­домалақ арманына қанат байлап, ғарыш­­кер болмаққа бел буды. Соның бірі әрі біре­гейі – Талғат Амангелдіұлы Мұса­баев еді.

Алматы облысы Қарғалы ауылында 1951 жылдың 7 қаңтарында дүниеге келген арманшыл ұл 1994 жылы ғарышқа көтерілді. Сөйтіп, қазақ халқынан тұңғыш ғарыш есігін ашқан даңқты ағасы Тоқтар Әубәкіровтің жолын жалғап, осы сапарда 126 күн ғарышта аялдады. Талғат Аман­гелдіұлы 1998 жылы – 208 күн, 2001 жылы 8 күн ғылыми зерттеу жүргізді. Адамзат бала­сының ғарышты игеруіне елеулі үлес қосты.

Зеңгір аспан жүзіндегі әр құбылысқа құмарта қараған қазақ баласының арзу арманын Жетіқарақшыға жеткізіп, жұлдыздары жамыраған ғарышта тәуелсіз елдің көк байрағын желбіретіп, жұрттың тілеуін Темірқазыққа айт­қан арда азамат­тың рухы елі барда ұмы­тыл­масы анық. Сондықтан да, батыр Талғаттың артында қалған қалың еліне қайғыра көңіл айта­мыз! Жаратқан ие қабырғамызды қайыс­тыр­ған қаралы қазаның қайырын бергей!

Қош болыңыз, ғарыш қаһарманы!

 

«Қазақ газеттері»  серіктестігінің ұжымы