Суық хабар қашан да жаныңды күйзелтеді... Қазақстанның Халық қаһарманы, Ресей батыры, атақты ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаевтың мезгілсіз қазасы қабырғамды қайыстырды.
1991 жылы қазақ халқының жүрегін қолыма алып тұңғыш рет ғарышқа аттанғанда Талғат Амангелдіұлы маған қосалқы ғарышкер болып тіркеліп еді. Араға үш жыл салып, ол ғарышкер-бортинженер санатында ғарыш көгіне шықты.
Талғат Амангелдіұлы қазақтан шыққан нағыз кәсіби, білгір ғарышкер! Жалпы жиынтығы 341 тәулікке созылған 3 ғарыш экспедициясына қатысты. Ол – ашық ғарыш кеңістігіне 8 рет шығып, 42 сағаттан астам уақыт болған тұңғыш қазақ. Ғарыштағы сол ерлігі үшін есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылды. Тұңғыш ғарыш турисі америкалық Деннис Титоны ғарыш көгінде 8 тәулік сапарлатып, аман-есен Жерге алып келді. Ол да – үлкен ерлік!
Қазақстан ғарыш зерттеу саласы қайғыру үстінде. Өйткені бұл салаға Талғат Амангелдіұлының сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Мезгілсіз қазаның салмағы халықтың жүрегіне ауыр тиіп отыр.
Мен халқыма, Талғат Амангелдіұлының жан жары Виктория Вольдемаровнаға, етжақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын.
Бақұл бол, Халық қаһарманы!
Жаның жәннатта болсын!
Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,
қазақтың тұңғыш ғарышкері