Астанада өткен Дженнифер Лопестің концерті кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы елордалық Полиция департаменті мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде тараған видеода тәртіп сақшылары бір әйелді концерт өтіп жатқан аумақтан көтеріп алып кетіп бара жатқаны көрінеді. Кейінірек желіде бұл әйел Павлодар облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасарының жары екені туралы ақпарат тарады.
Астана қалалық ПД бұл жайтқа қатысты ресми түсініктеме берді.
- "Астана Аренада” өткен концерт барысында қоғамдық тәртіпті бұзған әйелге қатысты оқиға тіркелді. Қақтығыстың ушығуына жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері оны іс-шара аумағынан алып шықты. Тексеру нәтижесінде қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, аталған азаматша ішкі істер органы қызметкерінің жұбайы болғанымен, бұл оның әрекетіне құқықтық баға беруге еш әсер етпейді.
- Керісінше, мұндай жағдайда қоғам алдындағы жеке жауапкершілік күшейе түседі. Заң алдында барша азамат тең, құқық қорғау органдары қызметкерінің отбасына жататыны қандай да бір артықшылық бермейді, — деп атап өтті.