• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Кеше

Мақсат Тұрлыбаев: Ауыл шаруашылығы санағы – маңызды стратегиялық қадам

140 рет
көрсетілді

Елімізде 1 тамыздан 20 қазанға дейін Ұлттық ауыл шаруа­шы­лығы санағы жүргізіледі. Санақ деректерінің маңыздылығы мен науқанның өту барысы жайында Ұлттық статистика бюро­сының басшысы Мақсат Тұрлыбаевпен әңгімелестік.

– Мақсат Қайратұлы, ауыл шаруашылығындағы нақты деректердің маңыздылығы неде және ауыл шаруашылығы санағы қандай ақпарат жинауға мүмкіндік береді?

– Ауыл шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әрі экономикамыздың маңызды саласы. Ондағы ахуа­л ауылда тұратын халықтың әл-ауқатымен, олардың тұрмыс сапасы мен табысына тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға аграрлық са­ланың шынайы жағ­дайы туралы толық әрі нақты ­мә­лімет керек.

Ауыл шаруашылығында егістік құрылымы, мал шаруа­шылығының жағдайы, агротехнологиялар мен шаруашылық жүргізу тәсілдері үнемі өзгереді. Деректер ескірсе, солардың негі­зінде қабылданатын шешім­дер де бұрыс болады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдау шара­­­ларының нәтижесін төмен­детуі мүмкін. Сондықтан тұрақты түрде нақты деректер жинап отыру қажет.

Санақ – ауыл шаруашылығы құрылымдарының толық тізі­мін жасап, олар жөнінде жан-жақты әрі бірыңғай мәлімет­тер жи­найтын шара. Онда заң­ды тұлғалардан бастап, фер­­мер­лік­ қожалықтар, жеке ­шаруа қожа­лықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарға дейін қам­тылады. Санақ аясында жер кө­лемі мен оның пайдаланылуы, егілетін дақылдар мен олардың құрылымы, мал мен құс басы, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтардың бар-жоғы, жайылымдарды пайдалану ерек­шеліктері, өндіріс көлемі, өнім­ді сату арналары, еңбек жағ­дайы мен ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы туралы толық мәлімет жиналады. Мысалы, жеке қосалқы шаруашылықтар ауыл шаруашылығы өнімдері­нің ай­тар­лықтай бөлігін өндіреді, бірақ олар туралы мәлімет толық емес. Санақ осы олқылықты жоюға көмектеседі.

– Елімізде ауыл шаруа­шылығы санағы соңғы рет қашан өткізілді? Осы аралықта аграрлық саясатта не өзгерді?

– Санақ соңғы рет 2006–2007 жылдары өткізілді. Ол кезден бері салада айтарлықтай өзге­рістер болды. Жаңа технология­лар пайда болды, фермерлік қоз­ғалыс дамыды, жерді пайдалану құрылымы өзгерді. Жергілікті нарық қана емес, халықаралық нарық та жаңа талаптар қоя бастады. Әрине, осы аралықта ресми статистика арқылы бел­гілі бір мәліметтер жиналды. Бірақ олардың қамту ауқымы мен жинақталу тәсілін ауыл шаруашылығы санағымен салыстыруға келмейді. Санақ барлық шаруашылық субъектісін қамтып, деректерді егжей-тегжей жинақтауға көмектеседі. Мәсе­лен, қожалық не шаруашылықта еңбектенетін жұмысшылардың саны, жасы мен жынысы, білім деңгейі туралы ақпарат тек осындай санақ кезінде жүйеленеді.

Одан бөлек, мұндай науқан кезінде біз төрт түліктен өзге түйеқұс, құндыз, ондатр сияқты жануарларды өсіретіндер туралы біле аламыз. Бүгінде әлем елдерінің көпшілігі аграрлық саясатты әзірлеуде дәл осындай жан-жақты санақ деректеріне сүйенеді. Сондықтан біз де қазіргі жағдайда саланы дамыту үшін жаңартылған әрі толық ақпаратқа сүйенуіміз қажет.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) әлем бойынша ауыл ша­руа­шылығы санағын әр 10 жыл сайын өткізуді ұсынады.

Біз жүргізіп отырған ауыл шаруашылығы санағы ФАО ұсынған 2020 жылғы санақ кезеңінің талаптарына толық сәйкес келеді. Бұл – деректерді халықаралық стандарттарға сай жинауға және оларды әлемдік тәжірибемен салыстыруға мүм­кіндік береді. Биыл бізбен қатар Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан да өздерінің ұлт­тық ауыл шаруашылығы санақ­тарын өткізгелі жатыр.

– Биылғы санақ қалай ұйым­дастырылады? Қандай ресурс­тар тартылады?

– Маңызды шара екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – 1-31 тамыз аралығында респонденттер sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн форматта өздері сауалнаманы толтырады. Екінші кезеңде – ­ 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында интервьюерлер елді мекендерді аралап, онлайн форматта жауа­п бермеген үй иелерінен жауап алады. Бұл жұмыстарға барлық өңірден 3 500-ден астам интервьюер тартылады.

Сонымен қатар әрбір ауыл әкімшілігі мен статистика бас­қармаларында азаматтарға ың­­ғай­лы болу үшін интернетке қосылған компьютері бар орындар ұйымдастырылады. Онлайн әдіс – әлемдік тәжіри­беде дәлелденген тиімді әдіс. Ол респонденттер үшін де, ұйымдастырушылар үшін де ыңғайлы. Респондент сауалнаманы өзіне ыңғайлы уақытта, кез келген жерден толтыра алады. Бұл адами фактордың әсерін азайтып, үдерісті айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар онлайн форматта алынған дерек­тер тез өңделеді, санақ нәти­желерін жылдам жариялауға мүм­кіндік береді. Санаққа бар­лығы 2 млн үй шаруашылығы мен 300 мыңға жуық шаруа жүр­гізетін ұйым қатысады деп жоспарланған.

– Жиналған ақпараттың ­құ­пиялылығы қалай қамта­ма­сыз етіледі?

– Құпиялық – біздің жұмы­сымыздағы ең басты қағида. Санақ кезінде жиналған барлық дерек «Мемлекеттік статистика туралы» заң талаптарына сәйкес қатаң қорғалады. Алынған ақпа­рат үшінші тұлғаларға және салық органдарына немесе басқа да бақылаушы құ­ры­лымдарға берілмейді. Ол тек жалпыланған түрде, статис­ти­калық қорытынды жасау үшін ғана пайдаланылады. Ақпа­раттық қауіпсіздік талаптарын да толықтай қадағалаймыз, де­рек­тердің сақталуы мен құ­пия­лылығына ерекше көңіл бөле­міз.

Ауыл шаруашылығы сана­ғы – бұл жай ғана статис­тика­лық науқан емес, бұл – ауыл шаруашылығының бола­ша­­ғы үшін жасалып отырған стра­тегиялық қадам. Санақ­тың нәти­желері аграр­лық сек­тордың дамуына, мемле­кеттік бағдар­ламалар мен қолдау шара­ла­рын тиімді жоспар­лауға, фер­мерлердің жағ­дайын жақсартуға және аграрлық саясаттың ашық­тығын қам­тамасыз етуге негіз болады. Сондықтан біз әрбір ауыл шаруашылығы құрылы­мын са­­наққа белсенді қатысуға ­ша­қырамыз.

– Рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абай Аймағамбет,

«Egemen Qazaqstan»