Алмақтың да салмағы бар. Абай облысының тұрғындары мүлік және жер салығының мөлшері артуына алаңдаулы. Өңірде жеке тұлғалардың аталған салығы қалай есептелуіне қатысты бірқатар ерекшелікті еске сала кеткенді жөн көрдік.
Мемлекеттік кірістер департаменті 2024 жыл үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын есептегенін және төлеу мерзімі 2025 жылдың 1 қазанында аяқталатынын мәлімдеді. Онда мүлік салығын бірнеше көрсеткіш, соның ішінде бір шаршы метрге базалық мөлшерлеме арқылы есептейді. Салық мөлшері мүлік орналасқан елді мекенге байланысты болмақ. Мысалы, Астана, Алматы, Шымкент сияқты республикалық маңызы бар қалаларда базалық құны – бір шаршы метрге 60 000 теңге. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексіне жасалған бірқатар өзгеріс күшіне енді. Сөйтіп, облыстың әкімшілік орталық қалаларына арнайы базалық мөлшерлемелер белгіленген. Сол секілді семейліктердің 2024 жылға төлейтін мүлік салығына қатысты аздаған өзгеріс бар.
Бұл туралы Абай облысы мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбековадан білген едік.
«Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің базалық құны 12 000 теңгеден 36 000 теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар жер учаскелеріне қолданатын базалық мөлшерлеме де 0,39 теңгеден 0,58 теңгеге артты. Қаланың жаңа мәртебесіне байланысты облыстың әкімшілік орталық қалаларына тиесілі талаптар енді Семейде де енгізілді», дейді Ә.Тұрлыбекова.
Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, мемлекеттік награда иегерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, денсаулығында ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, «Батыр ана» немесе «Алтын алқа» атағына ие көпбалалы аналар және жалғыз тұратын зейнеткерлер мүлік пен жер салығынан босатылады.
Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Еркебұлан Нүкебаевтың айтуынша, Семей қаласының мәртебесі өзгеруіне байланысты жаңа талаптар енген.
«2024 жылға дейін Салық кодексінде белгіленген жеңілдігі бар азаматтар мүлік құны жеңілдік шегінен аспаған жағдайда, мүлік салығынан толық босатылатын. Алайда Семей қаласының әкімшілік орталық мәртебесіне ие болуына байланысты бағалау құны артты. Белгіленген шек (1 000 немесе 1 500 АЕК – жеңілдік түріне байланысты) асып кеткен жағдайда артық сомаға салық есептеледі», дейді ол.
Сонымен қатар кей азаматтар базалық құнның 12 000-нан 36 000 теңгеге өсуі салықты 3 есе арттырады деп қате түсінуі мүмкін. Салық мөлшері мүліктің бағалау құнына қарай өсу тәртібімен қолданатын көрсеткіш негізінде есептеледі. Сондықтан әрбір жағдайда жеке есеп жүргізілетінін назарға алу керек. Мүлік және жер салығына берешек болған жағдайда мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары барын да ұмытпаған жөн. Салық сомасындағы өзгерістерді «e-Salyk Azamat» мобильді қосымшасынан, kgd.gov.kz сайтынан, «Kaspi.kz» және «Homebank» қосымшаларынан білуге болады.
Абай облысы