Тұнып тұрған тарихы, шалқып жатқан шежіресі бар адамзаттың ардақты перзенті, ақыл-ойдың көмбесі, қазақ халқының кемеңгер тұлғасы Абай Құнанбайұлының дүние есігін ашқаны да той болуға тиіс. Оған арналған әр онжылдықтағы дүбірлі той көргеннің көңілінде, көрмегеннің арманында. Бұл той – елді бірлікке бастаған береке, руханият мерекесі.
Хакімге арналған цифрлық жоба
Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінен басталды. Ақын шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық порталдың таныстырылымына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты.
Энциклопедиялық порталдың тұсаукесерінде сөз сөйлеген өңір басшысы Абай тойы биыл тұңғыш рет 10 күндік ретінде атап өтілетінін айтып, 1-10 тамыз аралығында Семей қаласы мен Абай ауданында, облыстың өзге де өңірлерінде түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралардың жоспарланып отырғанына тоқталды.
Аталған онкүндіктің өтуіне қаржыны түгелдей жанашыр демеушілер көтеріп отыр. Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын салуға, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын жасандырып береміз деп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-ниеттерін білдіріп жатыр», деді облыс әкімі.
Сонымен қатар энциклопедиялық портал Абай мұрасын заманауи форматта жеткізу тұрғысында маңызды екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» деп Абайдың мұратын, мақсаты мен арманын жіліктеп айтып, бүгінгі қазақ баласына ой салды. Демек бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энциклопедиялық портал, хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ. Сондай-ақ Абай туралы ақпарат іздеген адам «Abai akademiyasy» порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады. Ең бастысы, бұл портал Абайдың 180 жылдық мерейтойынан кейін де жұмысын жалғастыра береді», деді өңір басшысы.
«Abai akademiasy» жобасының жетекшісі Айжан Тәбаракқызы жиналғандарға порталды таныстырды. Оның айтуынша, «Abai akademiyasy» порталы – Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған.
Айтулы іс-шарада абайтанушы Арап Еспенбетов, «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы-ғалым, PhD Қарлығаш Әубәкір энциклопедиялық портал туралы пікірлерін айтты.
«Бүгін ашылып отырған «Abai akademiasy» энциклопедиялық порталы – еліміздің ғылыми, мәдени, ақпарат айдынындағы елеулі жаңалық. Портал жас ғалымға да, ізденушіге де, студентке де, оқушыға да, қарапайым жұмысшыға да ортақ. Өзінің досы сияқты әңгімелесіп, қажетті деректерін қабылдап, әрі қарай ұлы ақын туралы ойлары мен танымын дамытатыны сөзсіз. Абайды білемін, танимын, ұғамын, түсінемін дейтін жанның барлығына көмек беретін ең үлкен басты құрал, энциклопедия», деді Арап Еспенбетов.
Бір сөзбен айтқанда, энциклопедиялық портал халықтың Абай мұрасын тануына көмегін тигізе бермек. Келешекте цифрлық жобаның мүмкіндіктері жетіле түседі, жасанды интеллектіге негізделген виртуалды көмекші – Абай чат-боты да қолданушылардың игілігіне жұмыс істемек. Ол әрбір сұраққа Абай жауап қатқандай әсер беретін болады.
Ұлттық ауыл есігін айқара ашты
Семейдегі Түйемойнақ аралында Абай тойының мәні мен сәніне айналған этноауылдың келушілерге ресми түрде есігі ашылды. Халықтың ұлттық мұрасы мен бай мәдениетін насихаттайтын ауыл алдағы он күн бойы тойшы қауым мен туристерге қызмет көрсетеді. Бір айтарлығы, дүбірлі той барысында іс-шараның дені осы аралықта өтеді. Этноауыл аумағында оннан аса киіз үй тігілген, жастардың көңіл көтеруіне үш алтыбақан орнатылған. Қала жұрты мен қонақтары ауылға түсіп, ұлттық тағамдардан дәм татып, түрлі көрмеге көзайым болып, концерттік кештерді тамашалай алады.
Кеше онда «Асыл мұра» қолөнер шеберлерінің облыстық фестивалі басталды. Фестивальда өңірдің үздік шеберлері бұйымдарын көптің назарына ұсынды. Ұлттық мұраны насихаттауға, шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған іс-шара биыл үшінші мәрте өтіп отыр. Фестиваль қорытындысында «Аламан құрақ-2025» байқауының жеңімпаздары марапатталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, этноауыл аумағында 1-10 тамызда қазақ күресі, таеквондо, садақ ату, қол күресі, дойбы, тоғызқұмалақ, турникке тартылу, гір тасын көтеру, асық ату сынды ұлттық және заманауи спорт түрлерінен қалалық ашық чемпионаттар өтеді.
Арбаттағы көрме
Семейдің Арбат алаңында да мерекелік іс-шаралар басталды. Соның бірі – танымал иллюстратор, суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» көрмесі. Ұлы ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған көрмеде өмір, руханият, ішкі әлем, қоғам туралы өнер туындылары философиялық толғаныс пен заманауи образдар арқылы жұрт назарына ұсынылған. Экспозиция қала тұрғындары мен қонақтарына эстетикалық әсер сыйлап, той көркіне көрік қосты.
Аңсаған Мұстафа – әйел құқығы, рухани құндылық, отбасылық қарым-қатынас және ішкі әлем тақырыбын қозғайтын туындыларымен танымал. Суретшінің жұмыстары бірнеше халықаралық көрмеге қатысып, отандық БАҚ-та кеңінен талқыланып келеді.
Бұдан соң «Аспан Синема» жобасы аясында Абай туралы фильмдердің көрсетілімі өтіп, кеш «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мерейтойлық гала-концертке ұласты.
Абай тойының алғашқы күні осылай басталды. Бұл той жай ғана той емес, рухани жаңаруға жол сілтейтін ұстынға айналарына сенеміз.
Абай облысы