Мұхтар Әуезов Жамбылдан:
– Абай қандай ақын? – деп сұрайды. Сонда Жамбыл:
«Абай – пайғамбар ғой», деп жауап береді. Жамбыл Абайдың суретіне қарап:
«Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне», дейді.
Мен қазір: Абай өлең-сөздің ғана емес, даналық ойдың да, философиялық ойдың да құдіреті, деп айтқым келеді.
«Өмір, дүние дегенің
Ағып жатқан су екен.
Жақсы, жаман көргенің,
Ойлай берсең у екен...»
Даналық деген осы емес пе?
Ахмет Байтұрсынұлы Абайды «қазақтың бас ақыны», қазақ әдебиетінің классигі деп атайды. Абайды ойшыл-философ ретінде алғаш таныған Жүсіпбек Аймауытұлы. Ол: «Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан философ», деп атап көрсетті.
Абайға арнап алғаш өлең жазған Мағжан Жұмабаев болды:
«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес,
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес!» дейді.
Бұл арада Мағжан Абайдың өздігінен оқып, ізденіп, дана, ғұлама болғанын айтып тұр: «Қарадан хакім», яғни дана болған деп.
Абай, әрине, Кант, Гегель сияқты кәсіби маман философ емес. Ол – туабіткен (самородок) ойшыл, дана. 2020 жылы Абайдың 175 жылдығы елімізде жоғары дәрежеде атап өтілді. Бұған ұйытқы болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген терең мағыналы мақала жариялады. Ол Абай іліміне «қазақ халқының өмірлік философиясы» деп әділ баға берді.
Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов Абай туралы шығармасының атын «Абай жолы» деп тауып қойған. Жол деген – киелі ұғым. Дін жолы, бабалар жолы, нарық жолы, демократия жолы деп айтып жүрміз. Бізге бүгін де ілгері басу үшін, дамыған елдердің қатарына қосылу үшін Абай көрсетіп кеткен, өсиет еткен жолмен жүруіміз керек. Бұл жолда бірлік те, ынтымақ та, әділдік те болады. Қытай халқы Конфуций жолымен жүріп зор жетістіктерге жетті.
Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов: «Абайы бар қазақ адаса қоймас», деп айтып еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Абайды оқымай, оқысақ та жете түсінбей, Абайдың жолымен жүрмей, көп адастық, әлі де адасып келеміз.
Қазір де ұрпақ тәрбиелеуде, ар-ұяты бар, иманы түзу, ерік-жігері, рухы мықты, елім деп, халқым деп өмір сүретін, еңбек ететін саналы адамды – тұлғаны тәрбиелеуде Абайдан үйренер үлгі, нұсқау молынан табылады. Тек ниет керек, керек нәрсені іздей білуіміз керек.
Үлгі, өнеге туралы Абай туындыларында жиі сөз болады. Өмірінің соңында қара сөздерін не үшін жазды? Халқын үйрету үшін, түзету үшін, түзу жолды көрсету үшін жазды. Бірінші сөзінде: «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын» дейді.
Философия – сыншыл көзқарас. Сократ сыншыл болды. Оны грек халқы адамдарды сынай бергені үшін «бөгелек» деп атапты. Конфуций сыншыл болды. Кант та, Шопенгауэр де, Маркс те сыншыл болды.
Сократты ұстаз тұтқан Абай да сыншыл болды. Абайдың өлеңдерінде, қара сөздерінде қазақ туралы, замандастары туралы сын, кекесін басым. Бірақ ол халқын жек көрген жоқ. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дейді. Қазақ «қайран» деген сөзді ең қымбат, ең аяулы адамына арнап айтады. Құрманғазының «Қайран шешем» деген күйі бар. Мұқағали дүниеден өткенде «Қайран Мұқағали» деп өкініп едік. Абай халқын, қазақты оянса екен, ойланса екен, түзелсе, жетілсе екен деп батырып айтты, сынады.
Терең мағыналы «Сегіз аяқ» деген өлеңінде Абай халқын, замандастарын надандығы, бейқамдығы, арсыздығы үшін сынайды. «Жақсы менен жаманды айырмадың» деп халқының аңғалдығын, тайыздығын бетіне басады.
«Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деген сөздері бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Қазақта: «Өсер елдің ақыны көп, өшер елдің әкімі көп», деген сөз бар. Бізде не көп – әкім, шенеунік көп. Дүние жүзіндегі бай елдің бірі Швейцарияның министрлер кабинетінде тек сегіз адам бар екен.
Ойшыл-философ ретінде Абай шығармаларында адам туралы, адамның тұрмыс-тіршілігі, мақсат-мұраты, іс-әрекеті, мінез-құлқы, жақсы-жаман жақтары туралы жазады.
Абай ілімі – негізінен адамтану ілімі. Адамды танып түсіну үшін Абай әдебиет пен өнерге, дінге, халық даналығына, өмір тәжірибесіне сүйенеді. Абайдың философиясы – әр адамға жақын өміршең философия деп айтуға болады.
Абайдың адам, өмір туралы, уақыт, өнер, білім, ғылым, дін туралы айтқандары, жазғандары білгенге бағыт береді, сабақ болады. Біз қандай жағдайда да Абайға жүгінсек, өмірде мазалаған сұрақтарға жауап аламыз, тығырықтан шығудың жолын табамыз.
Абай шығармаларынан біз адам болып өмір сүрудің нақты жолдарын табамыз. Абай іліміндегі өміршең идеяның бірі – «Адам бол!» идеясы. Халқымызда «Адам боладыдан» асқан мақтау, «адам болмайдыдан» асқан даттау жоқ. Адам болу үшін ең алдымен, білімді болу керек. «Дүниенің асылы – білім мен өнер» дейді Абай. Білімді болу үшін оқу, іздену керек. Өнерлі болу үшін үнемі еңбек ету керек. «Өнерпаз болсаң арқалан» дейді Абай. Ол міндетті түрде ақын бол, әнші бол деп тұрған жоқ. Қарапайым еңбек те – өнер, кәсіп те, сауда да – өнер. Тек өнерді жетілдіре беру керек.
Абайдың заманы малы көптер билейтін заман болды. Абай білімі, өнері көп билейтін заман болса екен деп армандайды.
Адам болудың нақты жолын біз Абайдың бәріміз білетін «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінен көре аламыз. Әрине, ғылым таппай мақтанудың жөні жоқ.
Абай «орын» деген қарапайым сөздің философиялық мағынасын түсініп тұр: «Орын таппай баптанба», дейді. Қай нәрсенің де дүниеде өз орны, атқаратын қызметі бар. Адамның да мақсаты – дүниеден лайықты орын табу. Осы үшін ол оқиды, ізденеді, еңбек етеді.
Абай: «Керек іс бозбалаға талаптылық, әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық», дейді. Талапты Абай бес асыл істің қатарына қосады. «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» – деп тағы айтады. 44-сөзінде «Адам баласының ең жаманы – талапсыздық» деп, Абай талаптың рөлін аша түседі. Талапсыз адамға айтып, үгіттеп, еш нәрсе шығара алмайсың. Оқу да, білім де, өнер де, ғылым да, кәсіп те – бәрі талаппен, талаптан туған қажырлы еңбекпен келеді.
Талап болса, адам еңбекке де құмар болады. Абай шығармаларында бес асыл істің бірі – еңбек туралы да жиі сөз болады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзі мақал болып кетті. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» деуі өмірден алынған шындық. Бұған бәріміз де куәміз. Білімді, ақылды адам еңбектің жолын да, ретін де таба біледі. Абай: «Егер ісім өнсін десең, ретін тап», дейді.
Абай сол кездің өзінде «терең ойдың», ойланудың маңызын көре білген: «Талап, еңбек, терең ой» дейді. Жоғарыда айтқанымыздай Жүсіпбек Аймауытұлы Абайдың «терең ойлылығын» атап көрсеткен ғой. Терең ой бүгінгі адамдарда да сирек кездеседі. Қазақ философиясындағы – Асан қайғыдағы, Төле бидегі, ғажап түсінік осы терең ойдан, ойланудан пайда болған. Асан қайғы: «Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады», дейді. Абай: «Терең ойдың телміріп соңына ермей» адам қалай өмір сүре алады, дейді. «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса» деп тағы айтады.
Ойлау адамға не үшін керек? Ойланбай да өмір сүретін пенделер бар ғой. Абай бұл сұраққа да жауап береді: «Ойға түстім толғандым, өз мінімді қолға алдым, мінезіме көз салдым, тексеруге ойландым», дейді. Есті адам анда-санда ойланып, өзіне-өзі есеп беріп отырады: «Не істедім? Қалай өмір сүріп жүрмін?», деп. Абай 15-сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!», деп жазады.
Абай бес асыл істің қатарына қанағат пен рақымды жатқызады. Бұлар да – адамның өсіп-жетілуі үшін, алдына қойған мақсатына жетуі үшін қажет болатын құндылықтар. Қанағат ұғымының кең тараған мағынасы – барға риза болу, шүкіршілік ету.
Қанағат туралы Сократ, Конфуций, Будда айтып кеткен. «Бақыт деген не?» деген сұраққа Әл-Фараби бір сөзбен «қанағат» деп жауап береді. Абай: «Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен, Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп», дейді. Қазақта: «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады» деген мақал бар.
Бес асыл істің бірі – рақым. Рақым деген араб сөзінің мағынасы – мейірімділік. Яғни өзінің ғана емес, басқаның да қамын ойлау, «адам күні адаммен» деген ережемен өмір сүру.
Құдайға сенген, дін жолын ұстанған адам, Абайдың пікірінше, иманды болады. Ол ешуақытта жамандыққа бармайды. Дін жолы – мейірім мен сүйіспеншілік жолы. Абай: «Алланы сүй, адамды сүй, әділетті сүй», деп өсиет айтады. Абай үшін де, Абай жолын ұстанған біз үшін де «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас».
Адамның адам болып өмір сүруіне кедергі болатын Абай атап көрсеткен бес дұшпан: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ», – бүгінде бізге, қазақтарға әл берер емес. Олар қанымызға сіңген қасірет болып алды. Олармен күресіп жатқан да ешкім жоқ. Қазір олардан да өткен «дұшпандар» пайда болды. Солардың бірі – кең жайылған жемқорлық.
Бұл «дұшпандарды» жеңу үшін біз Абай айтқан «бес асыл істі» меңгеруіміз керек. Талап болса, аянбай еңбек етсек, терең ойды серік қылсақ, қанағат, рақым қадір-қасиетіміз болса, біз көптеген кеселді жеңіп, өсіп-жетілер едік. Адамдарда, биліктегілерде қанағат, рақым болса, қазіргідей жемқорлыққа жем болмас едік.
Абайдың «Адам бол» деген өсиетін мен осылай түсінемін және түсіндіремін. Шынында да, данышпан ғой, бәрін айтып кеткен.
Абайдың терең мәнді, бүгін де бізге нұсқау болатын толық адам туралы тағы бір ілімі бар. Қайта өрлеу дәуірі ұсынған жан-жақты жетілген адам идеясын еске түсіреді. Қазір де бізге сондай жетілген адам керек болып тұр.
Адам қалай толық, жетілген адам болады? Абайдың жауабы қысқа, қысқа болса да нұсқа: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», дейді. «Не істеу керек?» деген сұраққа ақыл жауап береді. «Қалай істеу керек?» деген сұраққа қайрат жауап береді.
Абай тағы бір жерде: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек», деп өз ойын нақтылай түседі. Қандай ақыл – нұрлы ақыл, қандай қайрат – ыстық қайрат, қандай жүрек – жылы жүрек, деп бәрін ашып айтқан. Адамның басқа қабілеті осы үшеуінің біртұтас болып бірігуінен шығады. «Ақылдының сөзін ұғарлық жүректе жігер, қайрат болмаса адам азады» деп турасын айтады.
17-сөзінде ақыл, қайрат, жүректі айтыстырып, ақырында ақыл мен қайратты жүрекке бағындырып қояды. Өте орынды. Ақыл мен қайрат өзімбілемдікке, әлімжеттілікке салынып, көп нәрсені бүлдіруі мүмкін.
Адам өмірінде бәрі жүректің қалауымен болады. Құдайды қалайтын жүрек. Құдай қайда? – деген сұраққа мен: Құдай оған сенген адамның жүрегінде деп жауап берер едім. Адамды адамға қосатын жүрек. Махаббат та, достық та – жүректің ісі. «Әділет, ынсап, ар-ұят, рақым, мейірім – бәрі де жүректен шығады», дейді Абай. «Адамды тану үшін де жүрек керек» дейді ол. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Абай: «Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде. Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме», дейді. Тағы бір өлеңінде: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», дейді. Абайдың жүрек туралы пайымдауын мен философияға қосылған үлес дер едім. Батыс философиясында жүрек туралы жазған тек Паскаль болды.
18-сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», деп жазды.
Сонымен Абай іліміндегі толық адам – жан-жақты жетілген, нұрлы ақылға, ыстық қайратқа, жылы жүрекке, ар-ұятқа, туабіткен мінезге ие болған адам деп айта аламыз.
Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор