• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Шағырлыой ауылының қуанышы

160 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 2023–2025 жыл­дары жаңадан 50 меди­ци­­на­лық нысан салу жос­парланған. Жақында Сырым ауда­нының Шағырлыой ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұл өңірдегі осындай 45-нысан.

Шағын ауыл тұр­ғындарының шат­тығына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Мадияр Өтешов арнайы келіп қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімі ауыл тұрғындарын меди­циналық нысанның ашылуымен құттықтады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ар­наған Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт денсаулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өтті. Шағырлыой ауылын­да жаңа фельдшерлік-акушер­лік пункттің ашылуы – баршамыз үшін қуанышты оқиға. ­Енді ауыл тұрғындары сапалы әрі уақтылы медициналық көмек­ке қол жеткізе алады. Нысан аналар мен балалардың, жалпы ауыл тұрғындарының саулығын нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін, – деді өңір басшысы.

Медициналық мекеме Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағыт­талған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жалпы аумағы 260 шаршы метрден асатын жаңа нысан заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда күніне 40 адам дәрігер көмегіне жүгіне алады. Фельд­шерлік пунктте ауылдың 4 тұр­ғыны тұрақты жұмыс істейді.

– Бұрын бас ауырып, балтырымыз сыздаса аудан орта­лығына, тіпті облысқа баруға тура келетін. Енді дәрігерге жү­гіну жеңілдеді. Жаңа ғимарат жарық, кең, халық­қа барлық жағдай жасалған екен. Осындай қамқорлығы үшін Мем­лекет басшысына алғысымыз шексіз, – дейді ауыл ардагері Сағи­доқас Бақтығалиев.

Жалпы, Батыс Қазақстан облы­сының ауылдарында меди­ци­налық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Жақында ғана Ақжайық ауданына қарасты Базаршолан ауылының тұрғын­дары да дәл осындай қуанышты бастан кешті. Мұндай нысандар шалғай ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, ден­саулық сақтау қолжетімділігін қам­тамасыз етуге сеп болары анық.

 

Батыс Қазақстан облысы