Мәселен, Астананың №1 индустриялық аймағында индустрияландыру бағдарламасы аясында 2012 жылы Alstom француз компаниясының зауыты пайдалануға берілді. Кәсіпорында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы үшін 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы және олардың компоненттері өндіріліп, қызмет көрсетіледі. Бұған қоса, Әзірбайжанға 80 жүк электровозы экспортталды. Бүгінде зауыт локомотив корпустарын, трансформаторларды, төмен вольтты және жоғары вольтты шкафтарды және т.б. шығарады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұдан басқа, Астана қаласында «Штадлер Қазақстан» ЖШС зауытында 2025 жылдың сәуір айынан бастап теміржол көлігін жаңғырту бағдарламасы аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін жолаушылар вагондарының сериялық өндірісі басталды. Жоба 2030 жылға дейін 557 вагон, оның ішінде купе, плацкарт, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мамандандырылған вагондар мен генератор-вагондар шығаруды көздейтін келісімшарт бойынша іске асырылады. Келісімшарт талаптарына сәйкес, 51 вагонның бірінші партиясы биылғы жылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на беріледі.
Сондай-ақ, елде платформа вагондарын, хоппер вагондарын және жолаушылар вагондарын шығаруға маманданған «ЗИКСТО» кәсіпорны жұмыс істейді. 2022 жылдан бастап кәсіпорын 318 вагон жеткізді. Сондай-ақ, 2026 жылға жеткізумен «ЗИКСТО» ЖШС-нен 100 жолаушылар вагонын сатып алуға келісімшарт жасасу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жолаушылар вагондары мен платформа вагондарын өндіруге арналған цех салу бойынша жаңа инвестициялық жоба іске асырылып отыр. Жылына 3 мың вагонға дейін шығару көлемін ұлғайту жоспарланған.
Сондай-ақ, 2023 жылы Ақтөбе рельс-арқалық зауытынан алғаш рет «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мекенжайына отандық өндірістегі ұзын өлшемді жылжымалы құрамға 120 метрлік рельс жөнелтіле бастағанын атап өткен жөн.