Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойғаны белгілі. Әлеуметтік әділдікті орнатып, заңсыз иемденген қаражатты мемлекет меншігіне қайтаруды көксеген заң аясында Жамбыл өңірінде біршама жұмыс атқарылды.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері мен прокуратура қызметкерлері бірінші кезекте шалғай ауылдардағы ауызсу және медициналық нысан мәселесін шешуге басымдық беріп отыр. Нақтырақ айтсақ, шалғайдағы ауылдардың өзекті проблемаларын дер кезінде шешу – басты мақсат.
Біршама уақыт бұрын Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Қордай ауданына қарасты Үлкен Сұлутөр ауылында бой көтерген жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысып, заңсыз қолды болған активтерді қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыс туралы хабардар етті. Оның айтуынша, қайтарылған активтер есебінен 19 ауызсумен қамтамасыз ету және денсаулық сақтау нысанының құрылысы қаржыландырылған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да қарқынды түрде жүргізілмек.
«Прокуратура органдары тарапынан заңсыз шығарылған активтерді қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыс ілкі сәтке де тоқтамақ емес. Жамбыл өңірінде қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызды инфрақұрылымды дамыту бойынша тиісті іс-шаралар қабылданды. Бірқатар нысанның жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Оның жарқын мысалы – медициналық көмекпен шалғай ауылдарды қамту. Өйткені шалғайдағы ауыл тұрғындары бірінші кезекте медициналық нысан керек екенін алға тартып отыр», дейді ол.
Президент бастамасымен қолға алынған жұмыстың шарапатын Жамбыл ауданына қарасты Жаңаөткел ауылының тұрындары да сезініп отыр. Жылдар бойы таза судың тауқыметін тартқан елді мекен тұрғындары атқарылған жұмысқа дән риза. Өйткені таяуда аталған ауылда сумен жабдықтау жүйесі іске қосылды. Жаңа нысан іске қосылғанға дейін жаңаөткелдіктер ауызсумен қамтылмаған еді. Қайтарылған активтер есебінен атқарылған жұмыстың арқасында елді мекендегі 260 тұрғын ауызсудың азабынан құтылды.
Жалпы алғанда, өңірде қайтарылған активтер есебінен ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқаны мәлім. Біршама уақыт бұрын өңірдің бірнеше ауданында шағын елді мекендерді ауызсумен қамту үшін нақты жұмыс басталып кетті. Мәселен, мамыр айының аяқ тұсында іргедегі Байзақ ауданына қарасты Жалғызтөбе ауылдық округіндегі Төрткөл елді мекенінде су құбыры желілері мен су жинау нысанын салу жұмысы басталды. Ресми дерекке жүгінсек, жобаны жүзеге асыру арқылы шағын ауылдағы 274 тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мүмкіндігі тумақ.
Бұған қоса Шу ауданына қарасты «Горгаз» шағын ауданын сапалы ауызсумен қамту бойынша да нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы, қайтарылған капиталды халық игілігі үшін тиімді пайдалану мақсатында Шу ауданында 5 ауызсу жобасын іске асыру үшін қаражат берілген. Қазіргі кезде 3 жобаның жұмысы басталған.
Қордай ауданына қарасты Үлкен Сұлутөр ауылында пайдалануға берілген медициналық нысан қызметкерлері алғашқы дәрігерлік және дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге қауқарлы. Амбулатория заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда физиотерапия, оңалту және ЭКГ кабинеттері бар. Бұған дейін ауыл халқы 1959 жылы пайдалануға берілген ескі ғимаратқа барып жүріпті.
Қалай десек те, шалғайдағы ауыл тұрғындары қайтарылған активтің пайдасын көріп отырғаны анық. Өйткені құзырлы мекеме қызметкерлері алдымен алыстағы ағайынға қажетті әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріп отыр. Бұл жұмыс жыл бойы жүргізілмек.
Жамбыл облысы