Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер саны жылдан жылға артып келеді. Олар зейнетақы қорына жарна төлемейтіндіктен, болашақта кедейлікке тап болу қаупі жоғары. Сарапшылар зейнет жасында мемлекетке емес, өз жинағына сенетін күн туатынын ескертеді. Экономист Аман Әлімбаев бұл мәселенің салдарын Сингапур үлгісімен салыстыра отырып түсіндіріп берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазір фрилансер, жеке шебер, онлайн саудамен айналысатындар, такси жүргізушісі немесе маусымдық жұмыс істейтіндер көп. Алайда бұл топтың көбісі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) зейнетақы жарнасын мүлдем төлемейді немесе тек ең төменгі мөлшерде ғана аударады. Экономист Аман Әлімбаевтың айтуынша, бұл жағдай болашақта әлеуметтік тұрғыдан өте қауіпті салдарға алып келуі мүмкін.
«Бүгінде адамдардың бір бөлігі зейнетақы қорына мүлдем жарна төлемейді. Ал кейбіреулері ай сайын 3 500 теңге сияқты ең төменгі жарна төлейді. Олар бұл төлемді айыппұл алмау үшін ғана жасайды. Бірақ осы әрекеттің салдарын көп адам ойламайды. Егер адам ұзақ жыл бойы зейнетақы қорына жарна төлемесе, зейнетке шыққанда оның қолында ешқандай жинақ болмайды. Бұл қартайғанда кедейлікке душар болу деген сөз», дейді сарапшы.
Аман Әлімбаев зейнетақы жүйесіндегі бұл түйткілді Сингапур елінің тәжірибесімен салыстырды. Онда да зейнетақы жүйесі ресми түрде жұмыс істейтіндерге ғана тиімді. Мысалы, Сингапурда азаматтар табысының белгілі бір пайызын міндетті түрде арнайы қорға аударады. Бұл қордағы ақша бірнеше бағытқа бөлінеді: зейнетақы, денсаулық сақтау, білім және тұрғын үй. Бірақ мұндай жүйеде адамның тұрақты табысы болмаса, ол автоматты түрде жүйеден тыс қалады.
«Сингапурлық жүйеде халықтың қаржылық сауаты өте жоғары. Олар жалақы алысымен-ақ жарналарын қорларға бөледі. Бұл тәртіп пен сенімнің белгісі. Бірақ жүйе тек табысы тұрақты, ресми жұмыс істейтін адамдар үшін ғана жұмыс істейді. Жұмыссыз немесе бейресми жұмыста жүрген азаматтар ол мүмкіндіктен қағылады. Бізде де дәл осындай жағдай. Көп адам зейнетақы жүйесінен тыс қалып жатыр», дейді ол.
Сарапшының сөзінше, бізге де болашаққа ерте қамдану мәдениетін қалыптастыру қажет. Өйткені зейнет жасына жеткенде тек мемлекетке арқа сүйеу жеткіліксіз болады.
«Қазіргі зейнеткерлердің зейнетақысы – еңбек өтіліне, аударылған жарнасына қарай белгіленеді. Ал жастардың көпшілігі жарна төлемесе, болашақта зейнетақысы мардымсыз болады. Сондықтан адамдар бүгіннен бастап болашағына жауапкершілікпен қарауы керек. Сингапурлықтар секілді біз де қартайған кезде мемлекетке емес, өз жинағымызға сенуді үйренуіміз керек.», дейді Аман Әлімбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда зейнетақы жүйесі жартылай жинақтаушы сипатта. Яғни азаматтардың бүгінгі жарнасы қазіргі зейнеткерлерге төленетін зейнетақыны жабуға жұмсалады. Бұл жағдай зейнетақы жүйесінің тұрақтылығына қатысты да сұрақ туындатады. Сондықтан халық арасында қаржылық сауатты арттыру, жинақ мәдениетін дамыту және бейресми жұмыспен қамтылғандарды әлеуметтік жүйеге тарту – алдағы маңызды міндеттердің бірі болуға тиіс.