Астанадағы "Биг Шанхай" сауда үйіндегі ірі өрттен кейін BAQ.KZ редакциясы базар әкімшілігінен ресми түсініктеме сұратқан болатын. Бір апта өткен соң редакция сауалдарына жауап келді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әкімшілік мәліметінше, қазіргі таңда 300 кәсіпкер көмекке жүгінген. Олардың қатарында 262 стационарлық сауда орнын жалға алғандар бар. Одан бөлек банкомат, массаж креслосы, терминал, шағын сауда нүктелері сияқты микробизнес өкілдері қосылады. Шығын көлемін анықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Базар басшылығы алғашқы күннен бастап оқиға орнында болып, жалға алушылармен тікелей жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Басты мақсат кәсіпкерлерге жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беру.
Қазіргі таңда азық-түлік өнімдерін сатумен айналысқан және ет павильонында жұмыс істеген кәсіпкерлердің 100 пайызы көршілес орналасқан "Ордабазар" аумағындағы сауда орындарына орналастырылды, - деді әкімшілік.
Ірі кәсіпкерлер бос тұрған ғимараттарға немесе бұрынғы жұмыс істеп тұрған нүктелерді қысқарту арқылы орналастырылған. Сонымен қатар, "Ордабазар" аумағына 142 сауда контейнері орнатылып, жалпы 7000 шаршы метрге жуық сауда алаңы берілген.
Әкімшілік зардап шеккен кәсіпкерлерге сауда орындары бір жылға дейін тегін берілетінін мәлімдеді.
Сауда алаңдары бір жыл мерзімге ақысыз ұсынылады. Ал салықтық жеңілдіктерге қатысты шешімдер мемлекеттік деңгейде қабылданады. Бұл біздің құзыретімізге кірмейді, - деді базар әкімшілігі.
Бұдан бөлек, "Биг Шанхай" әкімшілігі сауда нысанын толық жаңғыртуды осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлер уақытша "Ордабазарда" және арнайы орнатылған контейнерлерде жұмысын жалғастыруда. Алаш тас жолы, 32 мекенжайындағы "Шанхай" сауда орны "Нарықтарды жаңғырту" бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өтуде, - деп хабарлады басшылық.