Ормандарды енді қарапайым қорықшы емес, жасанды интеллект пен дрондар күзетеді. Елде ормандағы өртті ерте анықтайтын жаңа ақылды жүйе іске қосылды. Бұл жүйе түтінді алыстан байқап, нақты қай жерде өрт шыққанын автоматты түрде анықтайды және орталыққа бірден хабар береді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған.
Елімізде кейінгі жылдары ормандардың өртеніп кетуі жиілеп, табиғи апаттар экожүйеге үлкен залал келтіріп жатыр. Мәселен, 2023 жылы Абай облысында болған алапат өртте 14 орманшы қаза тауып, мыңдаған гектар орман күлге айналды. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бұған дейін де Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан облыстарында бірнеше рет ірі өрт тіркелген. Мамандар мұндай апаттардың басты себебі өрттің кеш анықталуы мен көзбен бақылауға тәуелділік екенін айтып жүр. Осы мәселені шешуге қазір елімізде ормандағы өртті жасанды интеллектімен бақылайтын ақылды жүйе іске қосылып жатыр. Жобаны әзірлеуші «Қазақтелеком» компаниясы.
Қазірдің өзінде жүйе Семей орманы резерватында орнатылып, жұмыс істей бастаған. 2026 жылдың ортасына дейін ел бойынша 270 автоматтандырылған станса іске қосылып, 5,6 миллион гектар орман тәулік бойы бақыланатын болады.
– Бұрын орманшылар мұнараға шығып, дүрбімен қарап, түтін байқаса, координатын шамалап есептеп, рациямен хабарлайтын. Қазір біз 30 метрлік антенналарға айналаны 360 градус көре алатын камералар орнатамыз. Олар 30 шақырым қашықтықтағы ең кішкентай түтінді де байқап, автоматты түрде жасанды интеллектіге жібереді. Жүйе түтіннің қауіпті, қауіпті емес екенін анықтап, нақты координатаны шығарып, орталыққа сигнал береді. Қажет болса, дрон көтеріледі де, оқиға орнынан нақты бейнежазба түсіреді, – дейді «Қазақтелеком» Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Барлық дерек, бейне, телеметрия, дыбыс сигналдары Алматыдағы дата-орталыққа түседі. Ал жүйе күн батареясы, дизель генераторы, антивандалдық қорғаныспен жабдықталады.
– Бұл инфрақұрылымның ең маңызды бөлігі – суперкомпьютер. Бізде қазір екі суперкомпьютер бар. Біреуі – Астанада, екіншісін Қазақтелеком өз қаржысына салды. Екеуі де жасанды интеллектіні үйретуге, деректерді жылдам өңдеуге арналған. Қазірдің өзінде жүйе тек өрт емес, браконьерді анықтау, сирек өсімдіктерді, ауру ағаштарды тану сынды функцияларды да игеріп жатыр. Президент тапсырмасымен іске асып жатқан жобаға қомақты қаражат бөлінді. Сондықтан «NVIDIA»-мен серіктестік аясында құрылғылар тікелей АҚШ-тан жеткізілді, – дейді Б.Мусин.
Ормандағы өртпен күресте озық технологияны алғаш қолданған елдердің бірі – АҚШ. Онда «ForestWatch», «FUEGO», «FireNet» сияқты жүйелер кеңінен қолданылады. Мысалы, «FUEGO» Калифорния университеті жасаған жоба. Ол спутниктер мен жерде тұрған арнайы камералар арқылы орманнан шыққан түтінді бірнеше минут ішінде анықтай алады. Жүйе жасанды интеллект көмегімен өрттің нақты қай жерде тұтанғанын, оның таралу бағытын автоматты түрде есептейді. Бұл Калифорниядағы жиі болатын өрттермен күреске көп көмегін тигізіп отыр.
Канада мен Аустралияда орманды бақылауға көбіне дрондар мен жылу сезгіш құралдар пайдаланылады. Канадада арнайы орман қызметі дрондарды ұшырып, нақты уақытта өрт ошақтарын картада белгілейді. Аустралияда орман ішіне орнатылған бейнекамералар мен жылу датчиктері арқылы өрттің алғашқы белгілері бірден анықталып, өрт сөндірушілерге дереу хабар беріледі.
Израиль мен Испания сияқты таулы аймақтарда, электр желісін тарту қиын жерлерде, күн сәулесінен қуат алатын стансалар орнатылады. Мысалы, Испанияда қолданылатын «FireDetect» жүйесі күн батареяларымен жұмыс істеп, ормандағы жағдайды үздіксіз бақылап отырады. Түтін байқалса, сол сәтте аймақтық қызметтерге белгі береді. Бірақ бұл жүйелердің ортақ бір қиындығы бар – олар өте қымбат және инфрақұрылымға тәуелді. Яғни оларды іске қосу үшін спутник, интернет, электр желісі секілді техникалық қызмет көрсету қажет. Ал еліміздің ормандары көбіне шалғайда орналасқан, кей жерде тіпті жарық жоқ. Сондықтан біздегі жаңа жүйе осы қиындықтарды ескеріп жасалған. Бағдат Мусиннің айтуынша, ол толықтай автономды жұмыс істейді. Күннен қуат алады, қажет болса дизель генератор қосылады. Сондай-ақ бұл жүйе тек орман өртін анықтау үшін ғана емес, экожүйені толық бақылауға бағытталған.
– Ертең бұны жайылымдарды, көлдерді, табиғи парктерді бақылау үшін де қолдануға болады. Қазірдің өзінде кейбір шетелдік ұйымдар суперкомпьютердің қуатын қолдануға өтініш беріп отыр. Сонымен қатар келешекте өз жүйемізді ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына қосуды жоспарлап отырмыз, бұл тиімді басқару үшін орман алқаптарын республикалық деңгейде бірыңғай бақылауды қамтамасыз етеді. Жинақталған бейне мұрағат пен телеметрия отандық AI модельдерді оқыту, болжамды тәуекел карталарын жасау, патрульдік бағыттарды оңтайландыру, орманды қалпына келтіру мониторингі үшін негіз бола алады. Деректер университеттер мен стартаптарға экологиялық шешімдерді дамыту үшін ашық және қолжетімді болады, – дейді Б.Мусин.