Алматының «Медеу» мұз айдынында ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында «Аламан құрақ – 2025» мәдени байқауы өтті. Елдің әр өңірінен 660 құрақшы қатысып, 1 366 шаршы метрлік құрақ көрпе құрады. Құрақшылардың көз майын сарқа тауысып, қолмен тіккен еңбегі Global Book of Records дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.
Қазақтың құрақ өнері тұңғыш рет әлемдік рекордқа енді. Көрсеткішке Абай және Шығыс Қазақстан облысынан 34 құрақшы қатысып, үлес қосты. Олардың қатарында Абай облысынан 13 мұғалім мен 2 оқушы бар. Тігін шеберлері Семей қаласы, Аягөз, Көкпекті, Абай аудандары гимназиялар, лицейлер, мектептер мен қосымша білім беру мекемелерінен жиналған.
Семей қаласындағы №19 мектептің мұғалімі Бақытжан Шапенова Абай және ШҚО қатысушыларына жетекшілік етіп, іс-шараға бастап барған еді. Білікті ұстаз жетекшілік еткен қатысушылар Абай аймағын әлемдік биікке көтерді. Ал жобаның негізгі авторы – Аягөз ауданы Таңсық ауылының тумасы, қолөнер жанашыры Нұргүл Абайхан. Осынау шебердің бастамасы ұлттық өнерді ел деңгейінде ғана ұлықтап қоймай, қазақ аналарының ауызбірлігі мен еңбекқорлығын, құрақ құрау қабілетін әлемге әйгіледі.
Абай облысы