Қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салуды көздейтін заңнамадағы өзгерістер күшіне енген соң, полиция түсіндіру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Polisia.kz.
12 шілдеден бастап күшіне енген заңнама нормасының негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде діни сенім бостандығын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдардың тұлғасын тану мен қоғамдық тәртіпті сақтау.
Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл тыйым адамның бет-жүзін толықтай жауып, тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін киімдерге қатысты. Атап айтқанда, бетті тұтас жабатын бетперде, никаб секілді киімдерге тыйым салынады.
Ал хиджаб, шейла, химар, аль-амира сияқты бет-жүзді жаппайтын киім түрлеріне бұл норма қолданылмайды.
Сондай-ақ бұл шектеу ауа райының ерекшелігіне немесе медициналық қажеттілікке байланысты қолданылатын киімдерге қатысты емес. Сонымен қатар заң талаптарын орындау кезінде, қызметтік немесе еңбек міндеттерін атқару барысында, азаматтық қорғау, спорттық, бұқаралық-спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де бұл талап қолданылмайды.
Түсіндіру жұмыстары барысында учаскелік полиция инспекторлары азаматтарға өзге де құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шараларын түсіндірді. Атап айтқанда, интернет-алаяқтардың алдау тәсілдері туралы айтып, тұрғындардың жиі алдану себептерін мысалдармен жеткізді.