Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Кутузовка ауылында құрылысы аяқталуға жақын қалған жаңа зауыт тамыз айында іске қосылады. Бұл құрғақ бие сүтін өндіретін өңірдегі алғашқы өндіріс орны болмақ, деп жазады Egemen.kz.
Жобаны «Север Агро LTD» серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Ал құрылыс пен өндірістік жұмыстың жауапкершілігін «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мойнына алып отыр.
Ферма 400 бас мұғалжар тұқымды биеге есептелген. Алғашқы 200 сауынды бие шілде айының соңына дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Зауыт жылына 12-ден 40 тоннаға дейін құрғақ бие сүтін өндіреді. Өнімнің негізгі бөлігі Германия мен Қытай нарығына экспортталады.
Айта кетейік, құрғақ бие сүті – биологиялық құндылығы жоғары өнім. Ол балалар тағамында, косметологияда және фармацевтикада кеңінен қолданылады. Әсіресе шетелде бұл өнімге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді.