Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Бекзат Қайрат атты азаматтың авторлығымен шыққан қазақ тілі оқулығын сынады,деп жазады Egemen.kz.
Оқулықта орыс тіліндегі бірқатар сөз ресми бекітілген термині болса да, қазақ тіліне жадағай аударылып, кейбірі бәз қалпында қалдырылған.
«Тіл мәртебесіне нұқсан келтіріп, оны үйренгісі келген ортаның ықыласын бұзатын мұндай оқулықтардың таралуын шектеу – тіл жанашырларының ортақ міндеті. Қазақ тілін үйрету – тіл арқылы қазақ мәдениеті мен руханиятына құрмет қалыптастыратын аса жауапты міндет. Сондықтан тіл үйретуші құрал да сол биік жауапкершілікке сай болуы қажет», деп жазылған «Қазақ тілі» қоғамының хабарламасында.
Сонымен қатар қазақ тілін үйренуші ортаға ескерту жасалды. Ең әуелі автордың кім екеніне, оның ғылыми дәрежесіне назар аударған жөн дейді мамандар. Келесі оқу құралының қай баспадан шығып, қандай ұйыммен мақұлданғанын тексерген құп болатынын жеткізеді «Қазақ тілі» қоғамы.