2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі қоғамның барлық жігіне әсер етеді. Оның ең басты жаңалығы – салықтық әкімшілендіруді жеңілдету арқылы кәсіпкерге түсетін салмақты азайту әрі көлеңкелі экономиканы қысқарту. Мемлекет бизнеске сенім артып, бақылаудан түсіндіруге, жазалаудан ынталандыруға көшпек.
Салықтық әкімшілендіру жеңілдейді
Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаевтың айтуынша, әкімшілендіруді реформалау арқылы мемлекет бірден үш мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр: көлеңкелі экономиканы азайту, кәсіпкер үшін қолайлы салық ортасын қалыптастыру және бюджеттегі салық кірісін тұрақтандыру.
«Бүгінде салықты кім қанша төлеуі керек деген сұрақтан гөрі, оны қалай, қандай жолмен және қандай жүйемен жинайтынымыз маңыздырақ болып тұр. Себебі мөлшерлеме төмен болғанымен, егер әкімшілендіру жүйесі күрделі, сенімсіз және ашық болмаса, нәтиже шықпайды. Сондықтан жаңа кодекс осы мәселені түбірімен өзгертуді көздейді. Енді басты назар алдын ала ескерту, түсіндіру және салықты автоматты түрде есептеу арқылы төлеуге бағытталады», дейді сарапшы.
Кәсіпкерлердің көбі салық төлеуден қашпайды. Олар салықты қалай есептеу керек екенін білмейді немесе қателесіп, арты айыппұл мен тексеруге ұласады. Шынында да, салық есебін автоматты түрде қалыптастыратын «E-Salyq-Business», «E-Salyq-Qoldau» қосымшалары қолданысқа енді. Кәсіпкер шот-фактура жіберіп, тауар айналымын көрсетсе болғаны, қалған есептер жүйе арқылы дайындалады. Қазір электронды бақылау-кассалық машиналарды 2,4 млн салық төлеушінің 87%-ы пайдаланады. Жаңа талаптар бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізуді көздейді. Сонымен қатар таңбаланған тауарларды қадағалау, POS-терминалдарды қолдану, шот-фактураларды онлайн жіберу тәрізді құралдар да толық енгізілмек.
«Ең үлкен өзгерістердің бірі – тәуекелдерді басқару жүйесінің күшеюі. Яғни енді барлық кәсіпкер бірдей тексерілмейді, тек тәуекелі жоғары топтарға ғана назар аударылады. Салық қызметі қазірдің өзінде тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы 47 көрсеткіш негізінде 1 млн-нан астам салық төлеушіні бақылауда ұстап отыр. Жаңа жүйе бұл үдерісті анағұрлым әділ етеді. Бұрын тексеру, айыппұл – салық органының негізгі құралы еді. Енді біз кәсіпкерге сеніп, алдын ала ескерту мен цифрлық жолмен реттеуді ұсынып отырмыз. Бұл мәдени өзгеріс – салық жүйесін мәжбүрлеуден сенімге көшіру», дейді Ерлан Сағынаев.
Бизнес не ұтты, неден қауіптенеді?
Бұл үдерістің куәсі ғана емес, белсенді қатысушысы болған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, кейінгі екі жыл бойы бизнес-қауымдастық кодекс мазмұнына тікелей араласып, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау жолында жүйелі жұмыс атқарды.
«Біз бұл кодексті жай ғана бақылаушы емес, қалыптастырушы тарап ретінде қарадық. Осы құжаттың кәсіпкерлер үшін қолайлы болуын талап етіп, талай нормаға өзгеріс енгізуге қол жеткіздік. Жұмыс тобына 300-ден астам сарапшы тартылып, жыл бойы нақты ұсыныстар әзірленді. Бұл – шынайы еңбек пен мәміле нәтижесі», дейді Р.Баталов.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Оның сөзінше, кодексте бірқатар ілгерілетуші бастама бар. Мәселен, көп талқыланған қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі бастапқыда ұсынылған 20% емес, 16% деңгейінде бекітілген. Бұл – бизнес үшін айтарлықтай жеңілдік. Сондай-ақ ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 78 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендегені – шағын кәсіпкерлерге есепке тұруды жеңілдетіп, салық саласының шекараларын нақтылауға көмектеседі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған 4%-дық арнайы режім енгізіліп, оған барлық әлеуметтік төлем қосылған. Ең бастысы, жеке табыс салығын төлеу міндетінен босатылады.
«Бизнес үшін тағы бір маңызды бағыт – корпоративтік табыс салығы (КТС). Бұл жерде біз әлеуметтік саладағы ұйымдар үшін айтарлықтай қолдау жасадық. Жаңа кодексте олар үшін КТС кезең-кезеңімен енгізіледі: келесі жылы – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%. Мұны білім беру, медицина және әлеуметтік жобалар саласындағы компанияларға демеу десек болады. Сонымен қатар залалдарды кейінгі жылдарға көшіру мерзімі 10 жыл болып қалды. Импорттық ҚҚС бойынша бұрынғыдай есепке алу тәсілі сақталып отыр, бұл да бизнестің өтімділігін сақтап қалуға көмектеседі», деп нақтылады Р. Баталов.
Жаңа салық реформасы инновациялық салаға да назар аударған. Енді ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығындарға 200% мөлшерінде түзету енгізілмек. Алайда бұл өзгерістердің барлығы тек жағымды жаңалықтардан тұрмайды. Кәсіпкерлерді алаңдатқан бірнеше даулы мәселе де бар. Соның бірі – медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу.
«КТМКК, МӘМС аясынан тыс медициналық қызметтер мен тауарларға ҚҚС салу – қағаз жүзінде дұрыс болғанымен, іс жүзінде орындалуы қиын. Қазір көптеген клиника мен ауруханада жеңілдетілген және ақылы қызметтерді нақты бөліп отыратын жеке есеп жүйесі жоқ. Бұл жағдай салық қателіктеріне, артық төлемдерге және айыппұлдарға әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай шешім шағын бизнес үшін оңайға соқпайды», дейді.
Баталовтың сөзінше, кодексті жетілдіру тоқтамайды. Іске асырылу барысында туындаған кемшіліктерді Үкіметпен бірлесе отырып шешуге болады.
«Кодекс – өмір сүретін құжат. Әр тармағы тәжірибеде сыналып, қажет болса, қайта қаралып, нақтылана түсуге тиіс. Біз ҰКП ретінде бұл жұмысты жалғастыра береміз. Бастысы – кәсіпкер мен мемлекет арасында ашық диалог орнату. Қазір бізге эмоция емес, факті мен дәлел керек. Ал кәсіпкерлерге тұрақты әрі болжамды салық жүйесі қажет», деді Р.Баталов.