ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Айқын» басылымына берген сұхбатында еліміздегі кітап шығару ісінің жай-күйі мен кітап оқуға баулу мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аида Балаева қазіргі балалар мен жасөспірімдердің фэнтези, детектив, фантастика және комикс секілді жанрларға ерекше қызығушылық танытатынын атап өтіп, бұл бағыттағы әдебиеттерді көбейтіп, кітапханалар қорын жаңартудың және қазіргі авторларды қолдаудың маңызды екенін айтты.
«Балаларға кітапты күштеп оқыту емес, қызықтыра отырып үйрету қажет. Олар әдебиетке жаңа формалар арқылы ғашық болуы мүмкін. Демек, біз әдебиет пен мәдениетте мұраны сақтай отырып, болашақты қалыптастыру миссиясын қатар алып жүруіміз керек», деді министр.
Сонымен қатар ол мемлекет тарапынан кітап шығаруға бөлінетін қаржыны тиімді пайдалану, мазмұндық жаңғырту мен жазушыларды жүйелі түрде қолдаудың маңыздылығын атап өтті. А.Балаеваның сөзінше, бұл тек біржолғы іс емес, стратегиялық тұрғыдан қарауды қажет ететін ұзақ мерзімді жұмыс.
Министрдің айтуынша, Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы жарық көретін кітаптар арасында заманауи көркем әдебиет, публицистикалық (non-fiction), ғылыми-көпшілік, балалар мен жасөспірімдер әдебиеті және аударма еңбектердің үлесі 80%-ға дейін ұлғайған.
Сондай-ақ, Тәуелсіздік жылдарынан бері мемлекет тапсырысы аясында жазушылардың кітаптары тұрақты түрде жарық көріп, бүкіл республикадағы кітапханаларға таратылады. 2017–2024 жылдары аралығында осындай тапсырыспен 1 487 кітап 4,9 миллион данамен басылып шыққан. Сонымен қатар қаламгерлерге қаламақы төлеу жүйесі де қалыптасқан.