• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Саржалдың қымызы – саңлақ қымыз

30 рет
көрсетілді

Елімізде бұрын-соңды болмаған BaiQymyz гастрофестивалінде Абай облысының Саржал ауылы бас жүлдені қанжығасына байлады, деп жазады Egemen.kz

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 40 мыңнан астам елорда тұрғыны мен қала қонағы елдің түкпір-түкпірінен әкелінген 30 тоннадан астам ұлттық сусыннан дәм татқан. Фестивальде бақ сынаған қымыз өндірушілердің әрқайсысы 500 литрден астам қымыз әкеліп, этно-мәдени жобаға қонақтарына ұлттық сусынды дайындаудың бірегей технологиясымен де таныстырды. Ел арасында даңқы жайылған гастрофестивальде Саржал ауылының «Жаныс» шаруа қожалығына бас бәйгені еншілеп, 20 миллион (20 000 000) теңге сыйақыға ие болды. Ал екінші орынды Қарқаралының «Қарынши» шаруақожалығы иеленсе, үшінші орынды «Қымызынай» қымызы ұтып алды.

Абай облысының әкімі Берік Уәли Саржал ауылын айтулы жеңісімен құттықтап, ықылас-тілегін білдірді.

«Бұл – өңіріміз үшін үлкен мәртебе әрі әділетті жеңіс! Себебі Саржалдың сары қымызы – көптен бері ел аузында жүрген, талай жұрттың таңдайын қақтырған табиғи өнім. Бірақ бүгінгі жеңіс тек дәм арқылы емес, әділ де ашық дауыс беру нәтижесінде анықталды. Демек бұл – халықтың өзі берген әділ баға!», дейді аймақ әкімі.

Сонымен қатар облыс басшысы бұл жеңістің алда ішкі туризмді дамытып, ұлттық өнімдерді өңірлік бренд ретінде танылуға жаңа серпін береді деген ойда. «BaiQymyz» жобасының мақсаты – қымыз ішу мәдениетін жаңғыртуға, фермерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға және жергілікті брендтерді танымал етуге бағыттау. Жиынға келушілер қымыздан дәм татып қоймай, фольклорлық өнерді тамашалап, қолөнер жәрмеңкесін аралап, концерттер мен жылқы көрмесіне қатысты. Ал Ұлы Абайдың 180 жылдығында саржалдықтардың жеңісі қуанышты еселей түсті. Осы тұста Саржал қымызы танымал сауда белгісіне айналып, әлемдік бренд болуға тиіс.

Абай облысы