Шымкент әкімдігі қалада электр энергиясы жетіспегендіктен жарық жаппай өшіріліп немесе шектеліп жатыр деген әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мәліметіне сәйкес, электрмен жабдықтау жүйесі бүгінгі таңда мегаполисте қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда қала аумағында электр қуатының берілуінде ешқандай ауытқулар немесе жоспардан тыс шектеулер жоқ. Қалаға берілетін жарықтың көлемі мен сапасы бұрынғы күйінше деді электр энергиясын таратушы мекеме мамандары.
Дегенмен қаланың энергетика саласына жауапты өкілдер кейбір шағынаудандар мен көшелерде жоспарлы техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Мұндай жағдайда тұтынушыларға алдын ала хабар берілетінін жеткізді.
Жарық беруші мекеменің жауапты тұлғалары электр энергиясына қатысты қандай да бір ақаулар немесе үзілістер туындаған жағдайда, тұрғындардан «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің ресми байланыс орталығына хабарласулары қажеттігін еске салады. Олар әрбір өтініш диспетчерлік қызмет тарапынан жедел қаралып, тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Осыған байланысты қала билігі тұрғындарға тек ресми дереккөздерге сүйеніп, бейресми және расталмаған ақпараттарға сенбеу керектігін ескертеді.
Шымкент