Семейде жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілерді қолдау мақсатында «Бір ауыл – бір өнім» және «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмелері өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған екі жоба да өңірдегі шағын бизнес саласындағы кәсіпкерлерді, сапалы өнім өндірушілерді қолдап, аймақтың үздік тауарларын нарыққа шығаруға бағытталған.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасына биыл облыс бойынша 42 өтінім қабылданды. Қатысушылардың басым бөлігі Семей қаласынан (34 адам), қалған 9-ы – аудандардан. Қатысушылар тамақ өнеркәсібі, ұлттық нақыштағы киім, қолөнер бұйымдары, саз және былғары заттар, табиғи сабын, ағаштан жасалған бұйымдар, бөдене еті мен жұмыртқасы, шөптен дайындалатын тұнбалар бағытында өнім ұсынды.
Облыс әкімі Берік Уәли іс-шараның ашылуына қатысып, байқау қатысушыларына сәттілік тілеп, кәсіпкерлікті әрдайым қолдауға дайын екенін жеткізді.
– Абай облысының кәсіпкерлері осы байқауға жыл сайын зор қызығушылықпен қатысып келеді. Биыл өңірімізден 13 кәсіпкерлік субъектісі ресми түрде қатысушылар тізіміне енді. Бұл – өңірімізде сапалы өнім шығарып отырған кәсіпкерлер қауымының белсенділігін, жауапкершілігін айқын көрсетеді, – дейді аймақ басшысы.
Қала тұрғындары мен қонақтары көрмені аралап, түрлі азық-түліктің дәмін татып, ұнаған тауарын сатып алды. Ал жоба аясында қатысушыларға кеңес беру, оқыту, логотип жасау, маркетингтік қолдау көрсету және 5 млн теңгеге дейінгі грантқа қатысу мүмкіндігі ұсынылған.
– Біз ұлттық тағам өнімдерін, соның ішінде диеталық тағамдарды шығарамыз. Бауырсақ өндіреміз, олар «Кириешкидің» орнын баса алады. Көрмелер мен байқауларға жиі қатысамыз, компаниямыз бүкіл ел көлемінде кеңінен танымал. Нарыққа шыққанына 15 жылдан астам уақыт болды. Осындай көрмелердің ұйымдастырылғаны қуантады. Бұл – қала кәсіпкерлеріне тауарымызды көрсетуге үлкен мүмкіндік, – дейді «Adal as» Trade сауда компаниясының өкілі Кирилл Флоров.
«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесінде 10-нан астам кәсіпкерлік субъектісі бақ сынады. Кәсіпкерлер өнімдерін «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» сынды 3 номинацияда ұсынды. Сараптамалық топ барлық қатысушының өнімін бағалап, үздіктерін іріктеді. Екі жоба бойынша үздік атанғандар Астана қаласында өтетін республикалық көрмеге жолдама алады.
Айта кетерлігі, 2023 жылы аймақтың «Uk Unis» ЖШС шұлық-тоқыма фабрикасы республикалық байқауда жеңімпаз атанған. 1 387 қатысушының ішінде үздік тоғыздыққа енген аталған кәсіпорын төрт жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» белгісін қолдану құқығына ие болды.
Абай облысы