• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Денсаулық Кеше

БҚО-да биыл 942 адам иттен зардап шеккен

20 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында биылғы 6 ай ішінде 1333 адам жануардан жарақат алып, дәрігерге жүгінген екен. Соның ішінде 942 адам – иттен, 341 адам – мысықтан зардап шеккен. Бұл дерек бүгін БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихатында жария болды деп хабарлайды Egemen.kz.

Дегенмен Батыс Қазақстан облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты деуге болады. Жыл басынан бері өңірде оба, тырысқақ, құтыру, туляремия, сібір жарасы, бүйрек синдромды геморрагиялық қызба, сондай-ақ іш сүзегі, дифтерия, қызамық, сіреспе, безгек сияқты қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. «Бұл нәтижеге сала мамандарының тұрақты бақылауы мен профилактикалық шаралары арқасында жетіп отырмыз» дейді Батыс Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергенова.

Салыстыра қарасақ, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ішек инфекциясы, қызылша, менингокок, А вирусті гепатит, көкжөтел, бруцеллез, туберкулез сынды жұқпалы аурулар азайған. Әсіресе туберкулез дертінің 1,4 есеге төмендегені қуантады.

- 6 ай ішінде облыс аумағында 110 белсенді туберкулез жағдайы тіркелді. Бұл 100 мың халыққа шаққанда 15,8 көрсеткішін құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш – 158 жағдай болып еді. Аурудың асқынған түрі кездеспеді, - дейді Динара Олжабайқызы.

Айта кетер жәйт, өңірде жануардан алған жарақат саны өскен екен. Былтыр алғашқы 6 ай ішінде осындай 1296 оқиға тіркелсе, биыл 1333 адам дәрігерге қаралған. Оның ішінде 942 адам - иттен, 341 адам – мысықтан, 4 адам – жылқыдан, 10 адам – ірі қарадан, 35 адам – басқа да жануарлардан жарақат алыпты. Бірақ абырой болғанда мұның арасында құтыру секілді қауіпті дерттің қатысы жоқ болып шықты.

Мал баққан елдің бір қаупі – бруцеллез ауруы. Биыл бұл дерт Ақжайық, Бәйтерек, Қаратөбе және Тасқала аудандарында бір-бірден ғана тіркелген. Ал негізінен кеміргіштер арқылы тарайтын бүйрек синдромды геморрагиялық қызба дерті жыл басынан бері 12 адамға жұғыпты. Атап айтсақ, Бәйтерек ауданында – 2, Бөрлі ауданында – 7, Орал қаласында – 3 адам осындай диагнозбен дәрігерге жүгінген. Мамандар ықтимал ауру ошақтарын анықтап, дератизация және дезинсекция жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Тұрғындардың санитариялық сауатын арттыру, жұқпалы аурудың таралуына жол бермеу, алдын алу шараларын түсіндіру ісі де қатар жүріп жатыр.

- Біздің департамент барлық бұқаралық ақпарат құралы арқылы белсенді насихат жүргіземіз. Жыл басынан бері 9 брифинг өткіздік. 81 бейнеролик түсіріп, 187 инфографика, 59 жадынама мен плакат әзірледік. Олар халыққа барынша таратылды. Сонымен қатар біздің мамандар телеарнада – 29, радиода – 17 мәрте шығып, баспасөзде – ондаған мақала жарияладық. Қоғамдық орындарда санитариялық талаптар туралы ақпараттық бұрыштар орнатылды. Білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және халық көп шоғырланған жерлерде 258 семинар, 189 дәріс ұйымдастырдық. Өйткені халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы – медицина қызметінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сауатты адам сау болады, - дейді Батыс Қазақстан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы.

Батыс Қазақстан облысы