Euronews халықаралық телеарнасы Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға арналған Modern Nomads бағдарламасының екі жаңа эпизодының түсірілімін аяқтады, деп жазады Egemen.kz.
Түсірілім тобы бұл жолы Байқоңыр мен Катон-Қарағай өңірлеріне сапар шекті. Эпизодтар 2025 жылдың қыркүйек айында эфирге шығады деп жоспарланып отыр.
Байқоңырдағы түсірілім барысында команда ғарыш айлағында өткен зымыран ұшыру сәтін түсіріп үлгерді. Жылына алты-жеті рет өтетін мұндай тарихи оқиғалар халықаралық көрерменнің қызығушылығын тудырып отыр. Бағдарламада «Гагарин старты», «Буран» кемесі, Байқоңыр музейі, динамикалық сынақ стенді мен монтажды-отын құю кешені көрсетіледі. Сондай-ақ түсірілім тобы Қызылорда облысындағы Корқыт ата мемориалдық кешені мен облыстық өлкетану музейіне де барған.
Бағдарламаның екінші эпизоды Катон-Қарағай ұлттық паркіне арналды. Түсірілім Рахман қайнары мен Көккөл сарқырамасында, сондай-ақ Ұрыл мен Коробиха ауылдарында өтті. Бұл бөлімде халық медицинасын таныстыруға басымдық берілген. Репортажда пантамен емдеу, апитерапия, табиғи шикізаттан жасалатын биоқоспалар мен дәрілік өнімдер туралы айтылады.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясының мәліметінше, Euronews жобасы еліміздің экотуризмі мен мәдени мұрасын шетелдік аудиторияға кеңінен танытуға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Катон-Қарағайда экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін туристер санын шектеу мәселесі көтерілген болатын.