Беларусь Республикасында «Витебскідегі Славян базары» XXXIV халықаралық өнер фестивалі өтті. Аталған байқауға елімізден Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі Алмагүл Батталиева қатысты.
Әнші финалда «Вечность» композициясын орындап, көрерменді талантымен тәнті етті. Көпшіліктің көңілінен шығып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Өнерпаз екі байқау күнінің қорытындысында 137 ұпай жинап, фестивальдың Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Алмагүл Батталиева – Алматы қаласының тумасы, дарынды жас әнші. Ерте жастан вокалдық қабілеті анық байқалған. 14 жасында П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түскен. Сонымен қатар Алмагүл бірнеше аспапты – аккордеон, фортепиано және укулелені еркін меңгерген.
Алмагүл – шебер орындаушы ғана емес, сахнаға деген құрметі мен жауапкершілігі мол өнерпаз. Ол «Жас Қанат – 2023» фестивалі, «Алматым жүрегімде» халықаралық байқауы сынды беделді музыкалық сындарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, кәсіби шеберлігін бірнеше мәрте дәлелдеген.