Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заң қабылданып, денсаулық сақтау саласындағы бақылау мен қадағалау тетіктері айтарлықтай күшейтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа заң аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне (МФБК) медициналық қызметтердің сапасына қадағалау жасау және жедел ден қою шараларын қабылдау өкілеттігі берілді. Бұл қадам заңсыз немесе сапасыз көрсетілген медициналық қызметтерге жылдам араласуға, әрі пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
МФБК енді сотқа жүгінбей-ақ, ұзақ келісімдерсіз өрескел заң бұзушылықтарға дереу әрекет ете алады. Бұл өзгеріс медициналық көмек көрсету кезіндегі қауіпсіздік шараларын күшейтуге және денсаулық сақтау жүйесінде азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған.
Қазіргі уақытта Комитет заңсыз медициналық қызмет көрсету, рұқсатсыз жұмыс істеу, сондай-ақ медициналық стандарттар мен ережелерді өрескел бұзу фактілерін анықтап, тиісті шаралар қабылдап келеді. Жаңа заң нормалары бұл жұмысты әлдеқайда нәтижелі жүргізуге жол ашпақ.