Өңірлерді аралап жүрген сенаторлар ауыл-аймақтағы жол, ауызсу, маман тапшылығы секілді мәселелер әлі де шешімін таппай отырғанын айтады.
Сенатор Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы Сандықтау және Атбасар аудандарында болды. Ол Сандықтау ауданының Балкашино ауылындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығын аралады. Сондай-ақ Жабай өзенінің жағалауын нығайту және түбін тереңдету барысын, Каменка ауылындағы «Шенсов көпірі» гидротехникалық құрылысының жай-күйін көрді.
Сапар аясында азаматтарды да қабылдады. Онда әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, төлемдерді ұсыну және басқа да өтініштер қаралды. Сапар соңында сенатор Бастау ауылында сүт-тауар фермасы құрылысына соқты. Ферма жыл соңында іске қосылмақ, жалпы құны 7,5 млрд теңгеге Германиядан 918 бас ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр.
Ал Сенат депутаты Әлібек Нәутиев Атырау облысында Құрманғазы ауданы Азғыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ол бұрынғы полигон аумағында орналасқан елді мекендердегі әлеуметтік нысандар мен ашық алаңдарды аралады.
Қазір ауданда жайылымдарда ылғал азайып, құнарлы жерлер тозған, нәтижесінде мал шығынға ұшырап, климаттың өзгеруіне орай шабындық жерлер қурап кеткен. Тұрғындар полигон жерлерінде жемшөпті субсидиялау және шөп дайындауға рұқсат беруді өтініп отыр. Ақбөкендердің санын реттеу мәселесі де көтерілді.
Ал Махамбет ауданында Бақсай ауылдық округіндегі мектеп апатты жағдайда, кентішілік жолдар құрылысы аяқсыз қалып, су басқан жолдарды қалпына келтіру, сумен жабдықтау мен каналдарды тазарту да басты мәселенің бірі болып отыр.
«Салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп барлық өтініш назарға алынып, тіркеледі. Айтылған ұсыныстар депутаттық бақылауға алынады», деді Ә.Нәутиев.
Депутат Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының агроөнеркәсіп кешені мен білім беру жүйесінің және әлеуметтік инфрақұрылымының негізгі нысандарын аралады. Украинка ауылында сүт фермасының қызметімен танысты. Кәсіпорын қазір қаржыландыруда қиындық көріп, білікті кадрлардың тапшылығын сезініп отыр.
О.Булавкина Саратовка ауылындағы техника саласының мамандарын даярлайтын Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінде де болды. Оқу орнына материалдық-техникалық базаны жаңғыртып, тәжірибеге негізделген бағдарламаларды енгізу қажет. Сондай-ақ жастар арасында жұмысшы мамандықтарын арттыру мәселелері тұр. Депутаттың айтуынша, дуалды оқыту мен колледждерді өңір экономикасын дамытуға кірістіру қажет.
Сенат депутаттары Нұрия Ниязова мен Жанна Асанова Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық жәрдем көрсету орталығында болды. Орталық пациенттерді хирургия, нейрохирургия, травматология, урология, офтальмология, күйікті емдеу және жаңа туған нәрестелер хирургиясы секілді бағыттар бойынша қабылдайды.
«Мемлекеттік саясатта балалардың денсаулығы басымдыққа ие болып отыр. Бүгінде қолданыстағы жүйені қолдаумен қатар ең үздік медициналық тәжірибе негізінде тез әрі сапалы шұғыл көмек көрсетілетін заманауи жағдай жасау қажет. Ол үшін үдерістерді оңтайландыру, технологияларды енгізу және ең бастысы – дәрігерлер мен пациенттердің үнемі байланысы керек», деді Н.Ниязова мекеме қызметкерлерімен кездесуде.
Сенаторлар сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау палатасында болып, онда жас пациенттерді қарқынды емдеу шарттарымен танысты. Олар аталған мәселелерді заң деңгейінде шешуге жәрдемдесуге және балалар медицинасын нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.