Еліміздегі ірі банктердің бірі Alatau City Bank-тің жаңа иесі анықталды. Банктің 100% акциясы белгілі кәсіпкер, Kaspi.kz платформасының тең құрылтайшысы Вячеслав Кимге өтті. Бұл жөнінде банк ресми түрде мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Бұған дейін банк First Heartland Jusan Bank деген атаумен танымал болған. 2024 жылдың маусым айында ребрендинг жасап, жаңа атауға көшкен болатын. Ал 4 шілде күні Alatau City Bank атауымен қайтадан ресми лицензия алды.
Банктің жаңа иесі Вячеслав Ким бұл сатып алуды стратегиялық шешім деп бағалап отыр:
«Alatau City Bank-ті сатып алу мен үшін аса маңызды. Мен оның негізінде Қазақстан нарығы үшін жаңа қаржы институтын құруды жоспарлаймын. Кейінгі екі жылда атқарылған жұмыс үшін банк менеджментіне алғысымды білдіремін. Егер үздік нәтижелерді сақтап, технологиялық дамуға ерекше көңіл бөлсек, табысқа жетеміз», деді кәсіпкер.
Бұған дейін Alatau City Bank-тің иесі болған кәсіпкер Ғалымжан Есенов банк жұмысына 2023 жылдың ортасында бақылау орнатқан. Ол осы уақыт ішінде командамен бірге маңызды өзгерістер енгізіп үлгергенін айтты:
«Командамыз банк қызметінің тиімділігін арттырып, бизнес-үдерістерді оңтайландыруға, өнімдерді жаңартуға және активтердің сапасын жақсартуға күш салды. Бұл өзгерістер енді Ким мырзаның басшылығымен одан әрі дами түсетініне сенемін», деді Есенов.
Қазір Alatau City Bank актив көлемі бойынша Қазақстандағы алдыңғы алты банктің қатарына кіреді, ал меншікті капитал көлемі бойынша тіпті үшінші орында тұр.