• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 10:05

«Алатау аманаты» жобасының ауқымы кең

10 рет
көрсетілді

Туризм ұлттық экономика өсіміне тың серпін беретін бағытқа айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген саланы дамыту жөніндегі басымдықтарға сәйкес, «Amanat» партиясы еліміздің негізгі табиғи ландшафттарын қамтитын ұлттық туристік соқпақтар жүйесі – «Алатау аманаты» жобасын іске қосты.

Жоба Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Аюсай шатқалында бастау алды. Іс-шараға Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, депутаттар, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшелері, «Kaz Alpine Club» белсенділері, туристік, эко­логиялық ұйымдардың өкіл­дері, «Жастар рухының» бел­сенділері қатысты.

«Бүгінде туризм экономикалық өсімге тың серпін беретін бағытқа айналып келеді. Туризм – бұл жаңа «мұнай». Сондықтан Мемлекет басшысы осы секторды дамыту қажет екенін үнемі айтып келеді. Президент жүргізіп жатқан ішкі және сыртқы сындарлы саясат арқылы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық, көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнады. Нәтижесінде, шетелдік туристер халқымыздың қонақжайлылығын жақсы біледі және Қазақстанға ерекше ықылас­пен келеді. Бүгінгі «Алатау аманаты» жобасы отандық туризмді дамыту бағытында жасалған тағы бір маңызды әрі жүйелі қа­дам екеніне сенімдімін», деді Е.Қо­шанов.

«Алатау аманаты» жобасы Шарын шатқалынан бастап, Там­ғалы-тас археологиялық кеше­ніне дейінгі 1 200 шақырымнан астам қашықтықты алып жататын ұзын-сонар ұлттық соқпақ салуды көздейді. Бағыт бойын­да 270 мыңнан аса тұрғыны бар 24 инфрақұрылым нысаны мен 20 елді мекен орналасқан. Туристер этноауылдарға, глэмпингтерге, кемпингтерге, визит-орталықтарға, құтқару стансаларына, сондай-ақ гастрономиялық және этномәдени туризм орындарына бара алады. Болашақта мұнда шытырман оқиғаға толы ішкі және халықаралық туризмге арналған тұтас экожүйе пайда болады. «Алатау аманаты» жобасы туризм саласын дамытуды ғана емес, ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруды көздейді.

Соқпақ бойындағы негізгі аялдамалар қазірдің өзінде туристік тартымдылығы бар орындарға айналып жатыр. Осындай ны­сандардың қатарында «Есік» мем­лекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Көк Жайлау шатқалы, Бутаков шатқалы, Алма-Арасан ыстық бұлақтары, Үлкен Алматы көлі, VIII-XIII ғасырлардағы Талхиз қалашығы, сондай-ақ «Oi-Qaragai» тау курорты бар.

Жоба іске қосылған күні қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында тауда қоқыс жинап, плоггинг – экологиялық іс-шара өткізді.

«Алатау аманаты» жобасын бір жарым жылда жүзеге асыру көзделген. Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракция­сы сарапшылармен бірлесіп, жо­баға заңнамалық қолдау көр­сетеді. Туристік соқпақтарды құ­қықтық тұрғыда реттейтін база құрылады, сондай-ақ оларды жо­балау мен абаттандырудың бірың­ғай ережелері әзірленеді. Бола­шақта шытырман оқиғаға толы туризмді дамытудың осы тәсілін ел аумағында кеңінен қолдану жос­парланып отыр.