16 шілдеде Германияда XXXII жазғы Дүниежүзілік универсиаданың алауы тұтанады. Бәсекелер Рейн-Рур аймағындағы Дуйсбург, Бохум, Эссен, Хаген, Мюльхайм қалалары мен ел астанасы – Берлинде өтеді. 12 тәулікке созылатын жарыс барысында спорттың 18 түрінен 234 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Еліміз дербес команда ретінде алғаш рет 1993 жылы АҚШ-тың Буфалло қаласында өткен Дүниежүзілік универсиадада бақ сынады. XVII мәрте жалауы желбіреген жарысты жерлестеріміз бір күміс медальмен қорытындылады. Жалғыз жүлденің иегері – үш қарғып секіруден әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы Олег Сакиркин. Кейіннен ол Азия ойындарының жеңімпазы атанды.
1995 жылы Фукокада қос күміске қол жеткіздік. Оны биіктікке секіруші Светлана Залевская мен суға секіруші Ирина Выгузова иеленді. 1997 жылы Сицилиядан, 1999 жылы Пальма-де-Мальоркадан қоржынымыз бос қайтса, 2021 жылы Бейжіңде үш спортшымыз екінші орынға табан тіреді. Олар – жеңіл атлеттер Геннадий Черновол (100 метрге жүгіру), Евгений Мелещенко (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), гимнастшы Ернар Ерімбетов (қолды тіреп секіру).
Алғаш рет Универисадада алтын медальдың сыңғырын 2003 жылы Тэгуде естідік. Оңтүстік Кореяның ең көрікті қалаларының бірінде жалауы желбіреген жарыста Ернар Ерімбетов ерледі. 23 жастағы алматылық сайыпқыран спорттық гимнастшылар сайысында екі рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, тағы бір жаттығуда күміспен күптелді. Сондай-ақ Ернардың командалық әріптесі Степан Горбачев, таеквондошы Еркін Айса, желаяқ Денис Рыпаков екінші орынды еншіледі. 2 алтын мен 4 күмістің арқасында еліміздің құрамасы жалпы командалық есепте 18-орынға табан тіреді.
2005 жылы Түркияның Измирінде Марғұлан Әсебековтің асығы алшысынан түсті. 96 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан еліміздің танымал грек-рим күресі шебері барлық қарсыласын қапы қалдырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. 200 метрге брасс әдісімен жүзген Владислав Поляков мәре сызығын екінші болып қиып өтсе, гимнастшы Ернар Ерімбетов брусьяда күміс, қолды тіреп секіру жаттығуында қола медальды мойнында жарқыратты. Сондай-ақ үшінші орынды иеленгендер қатарында Андрей Сватковский (еркін күрес), Асқар Жүрсімбаев, Ербол Қоңыратов (грек-рим күресі), Татьяна Росланова (жеңіл атлетика), Әлия Юсупова (көркем гимнастика) сынды спортшылар бар.
2007 жылы Бангкокта еліміздің әнұраны бес мәрте шырқалды. Таиландтың бас шаһарында жеңіл атлеттер Ольга Рыпакова (ұзындыққа секіру), Ольга Терешкова (400 метрге жүгіру), Татьяна Азарова (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Марина Аитова (биіктікке секіру), нысана көздеуші Юрий Юрков (МВ-6 жаттығуы) алдына жан салмады. Ермек Жақияров, Юрий Юрков, Алексей Клейменов (нысана көздеу, командалық МВ-6 сайысы), Владимир Исаченко, Сергей Вохмянин, Александр Вохмянин (нысана көздеу, командалық сайыс), Анна Устинова (жеңіл атлетика, биіктікке секіру), Әмина мен Мәдина Рақым (теннис, жұптық бәсеке) күміс алса, Владислав Поляков (жүзу, 200 метр брасс), Лия Нұркина (таеквондо, 67 кг), Дмитрий Грязнов (семсерлесу, шпага), Ерболат Юсупов (дзюдо, +100 кг), Әлия Юсупова (көркем гимнастика) қолаға қол созды. Нәтижесінде, 16 (5 алтын+4 күміс+7 қола) жүлде алған жерлестеріміз жалпы есепте 11-орынға көтерілді.
2009 жылы Белградта 1 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль иелендік. Сербияның астанасында таеквондошы Гүлнафиз Айтмұхамбетоваға тең келер ешкім табылмады. Биіктікке секіруші Екатерина Евсеева мен дзюдошы Бақытжан Төребеков екінші орын алса, Әлия Юсупова, дзюдошы Гүлжан Исанова, көркем гимнастшылар мен дзюдошылардың ерлер құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
2011 жылы Шеньчженьде отандастарымызға бас жүлде бұйырмады. Қытай елінде Александра Аборнева (ауыр атлетика), Наталья Ивонинская (жеңіл атлетика, 100 метрге жүгіру), Мария Дмитриенко (стенд ату) күмісті, Ольга Терешкова (жеңіл атлетика, 400 метрге жүгіру), Евгений Эктов (жеңіл атлетика, үш қарғып секіру), Александр Ермаков (нысана көздеу) қоланы қанағат тұтты.
2013 жылы Қазанда 30 (2+11+16) жүлдеге қол жеткіздік. Алайда алтынның аздығынан командалық есепте 19-орында қалып қойдық. Татарстанның бас шаһарында Маргарита Мукашева (жеңіл атлетика, 800 метрге жүгіру) мен Александра Малиновскаяның (нысана көздеу) мерейі үстем болды.
2015 жылы Кванджуда (Оңтүстік Корея) 6 алтын, 4 қоланы олжалаған отандастарымыз 11-орынды иеленді. Жарыста Дмитрий Баландин (жүзу, 100 метр, брасс), Виктория Зябкина (жеңіл атлтетика, 100 бен 200 метрге жүгіру), Нұрсұлтан Мамай (таеквондо), Никита Филипов (жеңіл атлтетика, сырықпен секіру) озса, жеңіл атлеттердің 4х100 метрлік эстафетасында да шашамызға шаң жұқтырмадық.
2017 жылы Тайпейде 16 (3+6+7) жерлесіміз жеңіс тұғырына көтерілді. Бас жүлденің барлығын да ауыр атлеттер жеңіп алды. Олар – Альберт Линдер, Айдар Қазов, Денис Уланов.
2019 жылы Неапольда (Италия) 1 алтын, 5 күміс, 1 қола медаль еншіледік. Апеннин түбегінде әнұранымызды аса ауыр салмақта айқасқан дзюдошы Ғалымжан Қырықбай ғана шырқатты. Милад Карими, Нариман Құрбанов (спорттық гимнастика), Михаил Литвин (жеңіл атлетика), Смайыл Дүйсебай (таеквондо), Зоя Кравченко (стенд ату) күміс, Сәрсенгүл Рысбекова (стенд ату) қола медальды иеленді.
2023 жылы Чэндудегі (Қытай) Универсиадада мына спортшыларымыз ел сенімін ақтады: алтын – Рита Бәкішева (таеквондо), Милад Карими (спорттық гимнастика), күміс – Никита Чирюкин (нысана көздеу), Диана Тұрсынбек (садақ ату), Милад Карими, Нариман Құрбанов (спорттық гимнастика), Елжана Тәниева (көркем гимнастика, 2 рет), нысана көздеуден командалық сайыс, қола – Бекарыс Сәдуақас, Сұңғат Жұбатқан, Асқар Нарқұлов (дзюдо), Әділбек Мусин (жүзу), Бексұлтан Қаскенов, Әйгерім Төреханова (ушу), Милад Карими, Елжана Тәниева, таеквондо, нысана көздеу, семсерлесуден ерлер құрамасы. Жерлестеріміз бұл жарыста барлығы 20 (2+7+11) жүлде олжалап, ТОП-20 команданы түйіндеді.