• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:05

Жастарды шыңдайтын «Лу Бань» шеберханасы

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қо­шанов Шығыс Қа­зақ­стан облысына депутаттарды бастап бар­ды. Ол өңірдегі бір­қатар әлеуметтік нысан мен кәсіпорынның жұмысымен таныс­ты. Кездесулерге Ғы­лым және жоғары білім министрі Саясат Нұр­бек және облыс әкімі Нұрым­бет Сақтағанов қатыс­ты.

Мәжіліс спикері сапарын Д.Серікбаев атындағы Шы­ғыс Қазақстан техникалық универ­ситетіне барудан бастап, «Лу Бань шеберханасы» деп аталатын бірегей оқу орталығының жұмысымен танысты. Мұнда студенттер озық автомобиль технологияларын зерттейді, соның ішінде электромобильдерді жөндеу және пайдалану, көлік ағынын басқарудың цифрлық шешімдерін енгізу бойынша білім алады. Аталған шеберхана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2023 жылғы мамырда Сианда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммиті барысында қол жеткізген уағдаластықтары аясында ашылды.

– «Лу Бань шеберханасы» арқылы біз әлемдік технология­ларды елге әкеліп, жастарды болашақ техникалық жоғары кә­сіби мамандықтарға даярлаймыз. Мұнда оқыған түлек – ертеңгі күні өндіріс орнында дайын инженер, автосервис маманы, механика саласының шебері болып шығады. Бұл Мемлекет басшысы айтқан «Еңбек адамы – экономиканың басты тірегі» деген сөзінің іс жүзінде орындалуы. Міне, Өскемен қаласында ашылған «Лу Бань шеберханасы» – осы стратегиялық бағыттың нақты жемісі, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс спикері мұндай ше­берхана жұмысы әлемнің ең ірі экономикасына айналған көр­шілес Қытаймен білім сала­сындағы жоғары деңгейдегі серік­тестіктің үлгісі екенін айтты. Екінші шеберхана биыл күзде Ас­тана­да, үшіншісі Алматыда ашы­лады.

Шеберхана шетелдік жоға­ры оқу орнының өкілдігі мәр­тебесінде жұмыс істейді және ҚХР Тяньцзинь кәсіби институ­тымен бірлескен жоба саналады. Мұнда Қазақстанның және өзге де 12 ел­дің 400-ден аса сту­денті көлік техникасымен, электромобильдермен, гибридті қондырғылармен, цифрлық платформалармен және жасанды интеллектпен байланысты бағдарламалар бойынша білім алады. Дайындық бакалавриаттан бастап докторантураға дейінгі барлық деңгейде жүргізіледі, ал оқытушылар жыл сайын Тянь­цзиньде тағылымдамадан өтеді.

Шеберханада бес заманауи зертхана, соның ішінде бензин, гибридті және электр көліктерін диагностикалауға арналған кешен, сондай-ақ интеллектуалды көлік жүйелерін модельдеу және сынау зертханалары бар. Студенттер Haval және BYD авто­мобильдері бойынша білім алады, қозғалысты автономды басқару жүйесі бар «ақылды қала» макеттерін пайдаланады және Allur отандық автоконцерні негізінде дуалды оқудан өтеді.

Өз кезегінде, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылы тамызда іске қосылатын «Smart Driving Technology» инжиниринг орта­лығының жобасын таныстырды. Орталық автопилоттау, жасанды интеллект және телематика жүйелерін әзірлеумен және тестілеумен айналысады. Зерттеулерден бөлек, мұнда отандық Allur, Astana Motors компанияларының инженерлері мен әзірлеушілеріне арналған біліктілікті арттыру курстарын, тренингтер өткізу жоспарланып отыр. Жаңа орталық интеллектуалды көлікті дамыту саласындағы еліміз­дің ғылыми және өнер­кәсіптік әлеуетін нығайтады.

Бұдан соң Ерлан Қошанов атом электр стансаларына арналған жылу бөлгіш құрас­тырмалар өндіретін Орталық Азиядағы жалғыз кәсіпорын – «Үлбі ТВС» ЖШС-не барды. Бұл – бірлескен қазақ-қытай кәсіпорны. Зауыт жылына 200 тонна уран отынын өндіруге қауқарлы. Ол алты энергоблок үшін толық жеткілікті. Кәсіпорын француз және қытай компанияларында халықаралық сертификаттаудан өтіп, Қазақстанның ядролық саласының стратегиялық нысаны ретінде танылды. Бүгінде зауытта 200-ге жуық адам, соның ішінде жоғары білікті қазақстандық инженерлер жұмыс істейді. Зауыт Қазақстанда салынып жатқан атом электр стансаларын ядролық отынмен толық қамтамасыз ете алады және отан­дық ядролық кластердің маңызды құрамдас бөлігі саналады.

Сапар «Алтай» көтерме-тарату орталығында түйінделді. Бұл кешен ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға, өңдеуге және өткізуге арналған. Мұнда 45 мың тоннаға дейін өнім сақтауға болады. Орталықтың жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді алып жатыр. Құны 30 млрд теңгеден асатын жоба шаруаларды қолдау және азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылды. Бұл ретте аталған орталық аума­ғында цехтар салынды. Онда еттен жасалатын жартылай фа­брикаттар, кондитерлік заттар өндіріледі, сондай-ақ бал құю үдерісі жүреді. Орталық 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Осы нысан арқылы жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ірі көлемде өнім өңдеу және сақтау мүмкіндігіне ие болып жатыр. Бұл қадам алда­ғы уа­қытта делдалдарды айна­лып өтіп, ірі нарыққа шығуға ықпал етеді.

Еске сала кетейік, бүгінде Мәжіліс депутаттары өңірлер­дегі көшпелі жұмыс аясында өн­дірістік және әлеуметтік нысан­дарға барып, еңбек ұжым­дарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәсе­лелері бойынша қабылдау өткізіп жатыр. Шалғайдағы елді мекендерге ерекше назар аударылды. Ха­лық қалаулылары Мем­­лекет басшысы берген тап­сыр­малардың жергілікті жерлерде жүзеге асырылу барысын бақылап, жаңадан қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай жұмыс істеп жатқанын зерттейді және оларға қатысты кері байланыс алады. Азаматтар мен бизнесті толғандырған өзекті мәсе­лелермен танысады. Депу­таттар жиналған барлық ақпа­ратты алдағы уақытта Үкіметпен бірлесе жүргізетін жұмыс барысында және жаңа заң жобаларын дайындау кезінде пайдаланады.