Әйгілі кеңес биологі, академик Константин Скрябин «Медицина адамды емдейді, ал ветеринария күллі адамзаттың амандығына жауапты» деген ой айтыпты. Биыл елімізде 10 шілде – ветеринария қызметкерлері күні екінші мәрте аталып өтеді.
Адамзатпен бірге жасайтын жан-жануардың денсаулығы, одан алынатын өнімнің қауіпсіздігі – өте маңызды мәселе. Осынау кәсіби мереке қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында екі бірдей ветеринария бекеті ашылды. Мереке және Амангелді округтерінде пайдалануға берілген бұл жаңа нысандар ауыл халқының игілігі үшін қызметін бастап кетті.
Облыс бойынша алғаш бой көтерген нысандардың ашылу салтанатына облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бірәлиев, Тасқала ауданының әкімі Талғат Шәкіров, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева және сала ардагерлері мен бүгінгі мамандары арнайы қатысты.
Жаңадан ашылған ветеринария бекеттерінің аумағы – 62 шаршы метр. Әрбір нысанның жобалық құны – 15 млн теңгеден асады. Әр бекетте 3 ветеринария маманы қызмет етеді.
«Біздің ауданда биыл осындай 5 ветеринария бекетін салу жоспарланған еді. Бүгін соның екеуі ашылып, пайдалануға беріліп отыр. Қалған үшеуінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен көмек. Облыс бойынша біздің ауданда эпизоотикалық ахуал жақсы дей алмаймыз. Бруцеллез ауруы жағынан екінші орындамыз. Аудандағы 9 округтің екеуінде ғана бұл ауру тіркелмеген. Сондықтан осындай нысандардың болуы аса маңызды. Бұл халықтың игілігі үшін жасалып отырған жұмыс», дейді Тасқала ауданының әкімі Талғат Асқарұлы.
Абзал Бірәлиевтің айтуынша, кейінгі кезде елімізде ветеринария саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға Мемлекет басшысы тарапынан нақты тапсырма берілген.
«Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысында да нақты қаржы бөлініп, ауқымды жұмыс басталды. 2024 жылы Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында, Қаратөбе ауданының Егіндікөл және Қоржын ауылдарында, Теректі ауданының Аңқаты ауылында 4 жаңа ветеринариялық пункт салынды. Биылдың өзінде облыс бойынша 30-ға жуық ветеринария пунктін салу көзделіп отыр. Бұл бастамаға мұрындық болып, қолдау білдіріп отырған Тасқала ауданы әкімдігіне алғысымды білдіремін. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан осындай заманауи нысандар олардың қажетіне жарауға тиіс», дейді басқарма басшысы.
Тасқала ауданында салынатын бекеттердің үшеуі жергілікті бюджет есебінен салынса, екеуіне облыстық ветеринария басқармасы қаржы бөлген. Бұл нысандардың әрқайсында 4 кабинет бар: ИСЖ порталында жұмыс істейтін, дәрі-дәрмек сақтайтын, киім ілетін бөлме және меңгеруші кабинеті.
Ветеринария жүйесін реформалау іс-шаралары нәтижесінде жергілікті ветеринария ұйымдарындағы мал дәрігер мамандардың жалақысы 2022 жылы – 23%-ға, 2023 жылы – 22%-ға, 2024 жылы – 26%-ға, 2025 жылы 29%-ға өскен.
2025 жылы облыс аумағында эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 4 млрд 598 млн теңге қаражат бөлінген. 2024 жылмен салыстырғанда қаражат көлемі 28%-ға артқаны көрінеді. Салаға бөлінген қаржы мөлшерінің артуы мал дәрігері мамандарының жалақысын өсіруге, ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейінгі жылдары ветеринария мамандарының еңбекақысы кезең-кезеңімен тұрақты түрде өсіп келе жатыр. «Ветеринария жүйесін реформалау іс-шаралары нәтижесінде жергілікті ветеринария ұйымдарындағы мал дәрігер мамандардың жалақысы 2022 жылы – 23%-ға, 2023 жылы – 22%-ға, 2024 жылы – 26%-ға, 2025 жылы 29%-ға өскен. 2023 жылдан бастап мал дәрігерлеріне патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін 50%-ға дейін қосымша еңбекақы және екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Қазір ветеринар дәрігер орта есеппен – 309–320 мың теңге, ветеринар фельдшер – 244–256 мың теңге, ветеринар санитар 190 мың теңге жалақы алады.
«2025 жылы облыс бойынша аса қауіпті 12 ауруға қарсы 11,0 млн бас ауыл шаруашылығы жануарын вакциналауды жоспарлап отырмыз. Оған қоса 2,2 млн бас мал басын 11 ауру бойынша диагностикалық тексеруден өткіземіз», дейді Абзал Бірәлиев.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тарапынан бөлінген ветеринариялық препараттардың 5,01 млн дозасы жеткізіліп, келген вакцинаға сәйкес вакциналау жұмысы жүріп жатыр екен. Яғни 6 айлық жоспарға сәйкес 4,5 млн бас жануар тиісті вакцинасын алған. Өңірде қазіргі қалыптасқан жағдай қанағаттанарлық деңгейде. Жыл басынан бері өткен 6 ай ішінде 421,5 мың сиыр, 519,8 мың қой-ешкі бруцеллез ауруына қарсы диагностикалық зерттеуден өткен. Бруцеллез ауруына шалдыққан жануарлар уақтылы ет өңдеу кәсіпорындарына санитарлық союға жіберілген. Бұдан бөлек, жыл басынан бері облыста аса қауіпті ауру – мал құтыру оқиғасы үш мәрте тіркелген. Аурудың Бөкей ордасы ауданындағы – 2, Қазталов ауданындағы 1 ошағы дер кезінде бақылауға алынып, тиісті ветеринариялық іс-шаралар толық жасалған.
Өңірде ауыл шаруашылығы жануарларын біркелкі реттеу шарасы да жүйелі жүріп жатыр. Осы кезге дейін 512,5 мың бас жануар бірдейлік сертификатын алған. Биыл облыста 345,1 мың дана құлақ сырғасы сатып алынды, алдағы уақытта тағы 941 мың дана құлақ сырғасы сатып алынбақ.
Бүгінде ауылда мал саулығы алдыңғы орында тұрса, қалада қаңғыбас иттердің көбеюі кәдімгідей мәселеге айналғаны рас. БҚО бойынша үй жануарларына арналған дерекқорда 25 908 ит-мысық тіркелген екен, соның 6 390-ның ғана қожайыны бар. Жыл басынан бері өңірде қаңғыбас иттерді аулау және биостерилизациялау жұмысы жүріп жатыр. Осы кезге дейін 1 334 қаңғыбас жануар ауланса, оның 730-ына биозарарсыздандыру отасы жасалып, қайтадан жіберілген. Тұрғындардың өтініші бойынша 604 қаңғыбас иттің көзі жойылған.
Аймақта бүгінде барлығы 147 ветеринария пункті болса, соның 65-інде ғана жеке ғимарат бар. Қалған 82 ветпунктке ауылдық округ әкімдік ғимараттарында бөлме берілген. Биыл ауылдық округтерде 30-ға жуық ветеринария пункті мен 1 ветеринария станса ғимаратын салу жоспарланғанын айттық. Соның ішінде Сырым ауданындағы Бұлдырты мен Қособа ауылдарында, Шыңғырлау ауданындағы Ардақ, Ақтау ауылдарында, Бәйтерек ауданындағы Январцев ауылында 5 ветеринария пунктінің құрылысы аяқталып, 10-шілде – ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында пайдалануға берілгелі тұр.
Облыс аумағында 2023 жылдан бері ветеринария стансаларының автокөлік паркі де жаңартылып жатыр. 2023–2024 жылдары су жаңа 43 көлік алынған. Ал биыл мереке күні ауыл округтеріндегі ветеринар мамандарға бірден 90-ға жуық су жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталмақ.
«Өңірдің эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ветеринарлық станса қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау, ветеринариялық іс-шараларды сапалы жүргізу үшін ветеринария пункттерінің маңызы өте зор. Біз мал дәрігерлік ұйымдардың материалдық-техникалық базасын болашақта да жақсарта береміз», дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бірәлиев.
Батыс Қазақстан облысы