• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:40

Сөз өнеріндегі феномен

30 рет
көрсетілді

Жыр алыбы Жамбылдың «Менің өмірім» атты жыры тек өмірбаяндық өлең емес, ақындық кредосын айғақтап тұрғанын, әрі табиғи дарынын, тілінің поэтикалық байлығын танытады. Ол сөз өнеріне ден қойған кезеңдердегі тұрмыстық, әлеуметтік-саяси қайшылықтардың қай-қайсысы да ақын тілінің найзасына ілінбей қалған жоқ. Аталған өлеңінде: «Жауларды ел қарғаған жамандадым, Манапқа жақсы сөзді таба алмадым», деген ақын: «Келгенде жеме-жемге елде қалдым, Шалшыққа шатылмадым, көлде қалдым. Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы, Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым», деп ұлтымен арман-аңсарының бірге екенін айқын аңғартады.

Шынында, Жамбыл патша отаршыларын да, одан кейінгі кеңес отаршыларын да өлең сөз­бен шенеп, түйреп отырады. Қазан төңкерісінде «жаңа заман туғанына» сенгенімен, жұртына тізесі батқан озбыр-обырларды да, жандайшап бай-манаптарды да аяу­сыз сынаған. Сондықтан, Жамбыл жырларының поэти­калық құнды­лықтарын жаңаша көзқарас тұрғысынан таныған жөн.

Қазтуғаннан бастап, Махамбет, бертінгі Жамбыл, Кенен, Иса сияқты ақын-жыраулар поэзия­сының төл туындылары, айтыс­тары, жыр-толғаулары мен термелері фольклор емес, ауызша сақталған әде­биет үлгілері екендігін көрнекті ғалымдар Е.Тұрсыновтың, Х.Сүйін­шә­лиевтің, Р.Сыз­ды­қованың, М.Дүй­сеновтің, Ж.Дәдебаевтың еңбек­терінде ғылыми негізде зерде­ленеді. 

Кеңестік кезең фольклорға қанша көңіл бөлсе де, Жамбыл аты мен даңқы ерте-ақ шықты. Ұлы жазушы М. Әуезов айтқандай, «ат берген, қар­тай­ған шағы, сол шағында оны жетістірген өз заманы» десек те, сол заманның шындығын жырлаудағы Жамбылдың ақпа-төкпе ақындықпен, данагөй жыраулықпен, суырыпсалма шешендікпен, асқақ азамат­тық­пен ұштасып жатқан ұлы дарынының құдіреті деуге болады.

Бөлтірік шешен бала Жамбыл­ды көргенде: «Атың Жамбыл болса, көңілің даңғыл болар, балам», дейді. Шешеннің бұл сөзі бала Жамбыл болашағының зор екендігін бейнелейді. Сегіз жасында Жамбылдың өзі де: «Жасымнан атым аян Жамбыл едім, Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім», деп жырлайды. Өлеңдері ауызекі айтылғандығы, кейіннен хатшыларының жазып алып отырғандығы мәлім. Қағазға түспей жоғалып кеткендері де бар. Жам­был­ды ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетті бай­ла­ныс­ты­рушы дегенімізбен, бұл арнайы текс­то­логиялық зерттеуді қажет ететін күрделі мәселе.

Тегінде, Жамбылды ауызекі суырып­салмалық өнердің өкілі деп танығанымыз жөн болса керек. Мұхтар Әуезов: «Төкпелік ұзақ сүре үлкен толғауда шығып кетеді. Осыны бірде Өтегендей, Сұраншыдай үлкен эпос туғызып отырса, бірде дәл келелі сүре айтыстың өзінің үстінде Құлман­бет, Сарыбасқа Сұраншы тарихын поэма еткізгендей, ұзақ сүре әңгімелі жыр желісін жатқызып кетеді. Кейде ескі труверлер үлгі­сінде – Домалақ дастанындай, тамаша көркем (Сарыбаспен айтысында) аңыз поэманы толғап кетеді», деп Жамбылдың сол ақпа-төкпе ақындығын ерекше бағалайды. М.Әуезов Жамбыл Күсеп, Сүйінбай, Майкөт ақындар өзінше жырлаған дастандарды қайта жырлағанда өзгеге ұқса­майтын өрнек тауып, труверлерше түлеткен шебер­­лігін айтады.

Сол жыршылық өнеріндегі шебер­лі­гінің бір қыры – дәстүрлі батырлық жыр үлгісін өзінше жаңғыртуы. Бұл эпикалық жанр­лардың жалғастығына көз жет­кі­зеді. Академик С.Қирабаев «Сұ­ран­шы батыр» дастанының тари­­хилығы туралы айта келіп: «Дас­танда дәстүрлі батырлық жырдың үлгісі жаңа мазмұнмен байытылады. Жырдың тағы бір жаңалығы: онда қазақ халқын Қоқан қолы астынан азат етудегі шаруа орыс әскерлерінің пайдалы қызметі, азаттық жолындағы күресте табысқан қырғыз, өзбек еңбекшілерінің достық ынтымағы нанымды суреттеледі», деп жазады. Әрине, жырдың бұл жаңалығы Жамбыл ақынның еларалық ынты­мақ­ты көксеген мәмі­ле­гер­лігін де аңдатады. Жамбыл ақын сол кездегі «жаңа заман» шын­дығына дауасыз сенгенін жоққа шығаруға болмайды. Ол: «Бей­несін төрт заманның өзім көрдім, Заманның онан арғы сөзін көрдім. Қалмақ хан, Тезек төре, Құдияр хан, Ұсқынын Николайдың көзбен көрдім», деп толғайды.

Сол замандардың қай-қай­сысында да ел мүддесін қорғап жыр төгеді. Жамбыл­дың халық ақыны атануының бір бөлек сыры осында болса керек. Ақындық өне­рінде «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген халықтық қағиданы ұстанады. Жам­был бастаған бір топ ақын Ресей патшасы Рома­нов әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған той-көрмеде патша тұқымын ма­дақ­тап, ояз, ұлықтарды дәріп­­­­теуден бас тартып, ақын­дық өнерді қорлаған жендеттерге қар­сы­лық білдіреді. Сонда соқ­­қыға жығыл­ғандар­дың бірі Жам­был болады. «Әді­летсіз ояздар, Ақтаяқты оқталып, Есігінде тұра­­ды. Жазығы жоқ Жамбылды, Төбеден сіл­теп ұрады» деп өлең шығарады. Ел еркесі ақынын сабатып қойып, ұйлығып тұр­ған қазақ байларының дәрменсіздігін беті­не басып, Жамбыл «Өстепкеде» деген айып­тау өлеңін қалың жұрттың көзінше айтады.

Жамбылға қай заманда да құқай-қыс­пақ аз болмаған. Осы жағынан ол өз замандасы Абай­­мен тағдырлас екенін ұқты­ра­ды. «Абай­дың суреті» деген өлеңінде: «Терең ойдың түбінде те­ңізі бар, Тесіле кеп қара­с­аң көңіл ұғар: Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей, Есіл сабаз ызамен өткен шығар!», деп қамығып, өз жүрегінен де шер төккендей болады. Өлең 1940 жылы жазыл­ған. Осыған қара­ғанда, Жамбыл өзі ағы­­нан жарылып қуана қарсы алған «жаңа за­манның» кейбір құбылысынан түңіл­ген­­ге ұқ­сайды. 

Абай мен Жамбылдың ақын­дық қасиеттеріндегі үндес­тік аз емес. Екеуіне ортақ – ұлт мүд­десі. Ел ішіндегі әлеуметтік қай­шы­лықтарға жаны күйзеледі. Ты­ғы­рық­тан шығар жол іздейді. Қытымыр бай­дың қылықтарына күйініп, кедейдің мүш­кіл халіне жаны ауырады. Абай: «Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі? Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, О да қылған кедейге үлкен сыйы» – десе, Жамбыл: «Сараң байдың үйіне қонақ келсе, Қояды кәрі қойын ол ыңғайлап. Кедей жомарт үйіне мейман келсе, Жалғыз қойдың тұрады басын байлап», дейді. Рас, Жамбылдың бұл өлеңі қазақ кедейінің жайын күйттеген Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Бейімбет сияқты көптеген ақынның, әсі­ре­се Абай өлеңіндегі кедей мен байдың бейнесін көбірек еске түсіретін реминисценция. А.Ахматованың «Белая стая» (1915) өлеңіндегі «қайыршы» реминисценциясы Бунин, Горький, Блок шығармаларындағы «қайыр­шы» сөзінің тарихи мәнімен, олардың «қайыршы Ресейге» деген сүйіспеншілігін айғақтайтын азаматтық үнімен қалай ассоциа­цияланса, Жамбыл мен Абай өлеңдерінің әлеуметтік мәні де солай шендеседі. Ақынның «Әлемде бір жұлдыз бар» өлеңінде: «Үміт алыс, өмір шақ» деген интермәтінді шеберлікпен сыналап енгізгенін де көруге болады.

Ақындық пен шешендік егіз өнер екенін Жамбыл айтыс өлеңдерінде ерекше танытқаны белгілі. Ұлы Мұхтар Әуезов айтулы мақаласында, Жамбылдың күнделікті өмір қарым-қатынас­тарындағы әзіл-қал­жың­дарын мысалға келтіріп: «Ақындық теңеу тілімен сөйлейді. Бірақ оны келістіріп айт­қан күнде де ақындық демейміз, ше­шендік дейміз», дейді. Айтқандай-ақ, Жам­был өлеңдерінің тілі шешендік иірім-өрнек­терге бай. Поэзиясынан таңбалық жүйе­нің өзіндік ерекшеліктерін көру­ге бола­ды. Олардың семиозис тұрғысындағы құры­лым ерек­ше­лігі аңғарылады. Ел басына төнген зұлматты жалпылық мән­дегі пор­трет арқылы таңба­лайды: «Малы бардан мал алды, Малы жоқтан жан алды. Арал­­дағы қояндай, Ел топанға қамалды». Тығы­­­рыққа тірелген ел сиқы – «аралдағы қоян­­дай». Жамбылдың шамырқанған ойы­нан туған – әрі шынайы, әрі жанды бейне.­ Ақын «үріккен қойдай» деген сияқты дәстүрлі теңеулерді қолданбай, өзін­дік соны сурет салады. «Толғау» жыры тұ­тас­тай алғанда гра­­дацияға негізделген ри­­то­­ри­ка­лық-публицистикалық стильге құры­лады.

Жамбыл қоз­ғалысқа, күрес­­ке (Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­да­рындағы өлеңдері) қашанда дем беруші болғанын білеміз. Ақын «Толғау» жырында патша соғысын мақ­тап-жақтамағаны үшін байлауға түскенін: «Ақын, жыршы топырлап жеті жаттық, Түсінгенім болмады мүлде менің, Ұстаған қанды тырнақ елді қысты, Кім болмақ ызаланса елден күшті?» – деп, «хан – қайық, халық – теңіз» деген халық­тық қағиданы ескерте сөйлейді. Би-шешендерше ширыға сөй­леп, айтар сөзін риторикалық сұрақтармен қайырады.

Қорыта айтсақ, Жамбыл фоль­­клордың емес, авторлығы ­ауыз­ша сақталған ауызша әде­биеттің өкілі екеніне талас тудырмайды. Ақынның әралуан фольклор жанрларына тән сөз өрнектері, жыраулық, шешендік, айтыс өнері көркемдік дәстүр­ле­рін шығармашылықпен дамытқаны айқын. Демек Жамбылдың ауызекі суырыпсалмалық өнерге негіз­­­дел­ген поэзиясы – сөз өнерінің алуан түрлерімен көркем синтез құраған құнды поэтикалық мұра. Сондықтан, ақын мұрасын ұмытылмайтын, cөз өнерінде мәңгі өшпейтін өміршең феномен деуге болады.

 

Раушан ӘБДІҚҰЛ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

қауымдастырылған профессоры